Жаңалықтар

Оттегі концентраттары таратылды

Екі апта бұрын Нұр-Сұлтан қаласынан Қарағандыға 40 оттегі концентраторы жеткізілген еді. Кейін тағы да 260 данасы әкелініпті. Маңызды медициналық аппараттар кеше облыс орталығындағы, аудандар мен қалалардағы аурухана-емханаларға тиісті тапсырыстарына сәйкес таратылды. Ізгі ниетті шара облыстық денсаулық сақтау басқармасының, демеушілер мен аймақ тұрғындарының бірлігінің арқасында жүзеге асырылды.

Игі істің басы-қасында жүрген мамандардың айтуынша, Алматы қаласынан оттегі концентраторын сатып алу мақсатында алғашқы кезекте 81 аппаратқа жететін қаржы жіберілген. Бұл шараға демеушілер тартып, елден қаржы жинауға «Шұғыла», «Ана-Мама», «Асар» және тағы басқа бірнеше қоғамдық ұйымдар атсалысқан. Сонымен қатар, облыстың әр өңірінен белсенді азаматтар мен қарапайым тұрғындар да өздері ұйымдасып, қаражат жинап берген. Ал, жалпы республика осы мақсатта жиналған қаражат сомасы 450 млн. теңгені құраған. Сол қаржыға 4 мыңға жуық аппарат сатып алынған. Соның 300 данасы Қарағанды облысының еншісіне тиіпті.

Жаңа аппараттар Ақтоғай ауданының аудандық ауруханасына (15 бірлік), Жезқазған қалалық жұқпалы аурулар госпиталіне (30 бірлік), Бұқар жырау аудандық ауруханасына (10 бірлік), Шет ауданының орталық ауруханасына (15 бірлік) және басқа да аудандар мен қалаларға емдеу орталықтарының орын саны бойынша бөлінді. Тиесілі құралдар әр өңірден арнайы келген жауапты тұлғаларға табыс етілді.

– Ақтоғай ауданына жалпы саны 16 оттегі концентраторын алдық. Оларды 6 отбасылық-дәрігерлік амбулатория, 16 медициналық пункт, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт және аудандық орталық ауруханаға орналастырамыз. Ұйымдастырушыларға өңір тұрғындарының атынан шексіз алғыс айтамыз, – деді аудандық аурухананың бас дәрігері Саттар Әбдіғұлов.

Сонымен қатар, Ақтоғай ауданы азаматтарының ұйытқы болуымен 47 дана пульсоксиметр Түркиядан тапсырыспен әр данасы 5 500 теңгеден алыныпты. Оның құны елімізде 30 мың теңге екен. Олар Ақтоғай ауданы ауылдарындағы медициналық пункттерге таратылады. Құрылғы өкпеде коронавирус инфекциясының бар немесе жоқ екенін анықтайды. Алдағы уақытты бұның тағы да 100 данасы жеткізіліп, облыс аумағына таратылатын болады.

«Ана-Мама» қорының құрылтайшысы Ержан Әбдірахмановтың айтуынша, алғашқыда аппараттың бағасы қымбат болыпты. «Кейін, Денсаулық сақтау министрлігінің араласуымен түйткілді мәселелер шешімін тапты. Ал, бағасы 105 мың теңгеге түсірілді. Тасымалдауға ұшақ қызметі пайдаланылды. Ақ пейілді ағайынның баршасына алғыс айтамыз» деді ол.

«Бірлік түбі – береке» деп бекер айтпаған. Індетпен бірге күресейік!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button