Жаңалықтар

Құрылыста – мол инновация

Бұған дейін жария етілген деректер құрылыс компанияларының соңғы он жылда табыс табуда рекордтық көрсеткішке жеткенін мәлімдегенді. Дәлірек айтсақ, осы бағыттағы компаниялардың 983,4 млрд. теңге көлеміндегі рекордтық табыс тапқанын жыл басында жария еткен еді. Расында, ел экономикасында алабөтен орын алатын құрылыс – бүгінде инвестиция көптеп құйылатын негізгі саланың біріне айналды. Ресми деректер ЖІӨ 5-6 пайызын иемденетінін көрсетсе, соған орай жыл сайын 10 пайызға артқанын және растайды. Ал, Қарағанды облысында биылғы жылы, басқасын айтпағанда, тұрғын үй құрылысының 1,5 есеге көбейгенін атап өткен ләзім. 2020 жылы 630 мың шаршы метр тұрғын үй салу жыл басында батыл жоспарланған-тын…

Облыста 2019 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен 421 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл – 3781 пәтер, оның ішінде, 1148 жалгерлік және несиелік тұрғын үй бар. Ал, 2020 жылы тұрғын үй құрылысы 630 мың шаршы метрді қамтиды.

2020-2025 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамыту жоспарының жобасы әзірленген. Жоспарға сәйкес, алдағы бесжылдықта аймақта 5 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салу көзделген.

Облыстың статистика департаментінің ұсынған дерегіне жүгінсек, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында аймақта орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 31,8%- ға өсіп, 142,6 млрд. теңгені құраған. Құрылыс жұмыстары көлемінің артуы 15 өңірде байқалды. Ең жоғары өсім – Осакаров және Қарқаралы аудандарында. Облыс бойынша құрылыс жұмыстарының негізгі көлемі Қаражалда және Қарағандыда дейді облыстық статистика департаментінің баспасөз қызметі.

Пайдалануға берілген нысандарға келсек, жартыжылдықта 407 нысан ел игілігіне тапсырылыпты. Соның ішінде, 374 нысан – тұрғын үй болса, 90 нысан басқа мақсатта. Басқа сипаттағы объектілердің қатарында сауда кәсіпорындарының, ауыл шаруашылық ғимараттары, көлік, байланыс және коммуникация бар.

Осы аралықтағы тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 194,5 мың шаршы метр екен. Ол 2019 жылдың бірінші жартыжылдығынан 11,8%-ға артық. Жеке құрылыс салушылар аумағы 60 мың шаршы метр нысан салыпты.

Негізінде, пайдалануға берілген тұрғын үйдің ең көп үлесі Қарағандыға – тиесілі. Ең үлкен өсім – Қарқаралы ауданында.

Мәліметтер былтырғы жылы облыста тұрғын үй құрылысына 41,3 млрд.теңге инвестиция салынғанын айғақтайды. Бұл инвестициялардың негізгі көзі құрылыс салушылардың өз қаражаты екен. Ол инвестициядағы жалпы көлемнің – 77,1% -ы.

Қолда бар деректер құрылыс фирмаларының ең көп шоғырлануы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сондай-ақ, Қарағанды облысында, Шымкент қаласында және Маңғыстау облысында екенін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, кәсіпорындардың саны бойынша құрылыс секторы сауда секторынан кейін екінші орынды иемденеді.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Back to top button