Бас тақырыпБасты тақырыпРуханият

Абай сандығы – Алаш тағдыры

Абайдың қолжазбалары сақталмағаны, ұлы ақынның қолтаңбасын «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққандығы турасынан» деген жазбасының бір ғана парағымен танып жүргеніміз баршаға мәлім. Сондай-ақ, Абайдың қолымен жазылған «Вадим» аудармасының бір ғана парағы қалған.

Осы орайда, «Абайдың қолжазбалары түгелдей жоғалып кетуінің сыры неде?» деген сұрақ көкейден кетпейді. Неге екені белгісіз, Мұхтар Әуезовтен бастап, абайтанушылардың бірде-біреуі Абайдың қолжазбаларын іздеуді маңызды мәселе етіп көтермейді.

Тарихта Абайдың жеке қағаздары сақталған сандықтың болғандығы, ол сандықты сол кездегі өкіметтің әкімшілік қызметіндегі шенеуніктер, атап айтқанда, уезд бастығы Навроцкий қаттап, алып кеткендігі туралы айдан анық, құжат түрінде сақталған, дәйегі мықты мағлұматтар баршылық.

Түсінікті болу үшін бұл оқиғаны басынан таратайық.

1903 жылы Көкшетау мешітінің имамы Науан хазырет, дәлірек айтқанда, Наурызбай Таласұлы мен сол мешіттің жанындағы мектептің мұғалімі Шәйкен молла (Шәймерден Қосшығұлұлы) бастаған діни азаттық қозғалысқа байланысты Ресей патша үкіметінің ішкі істер министрлігі жүргізген қылмысты іске қатысы бар деп, Абайдың соңынан бақылау қойылған болатын. Сол жылдың қысында Шәймерден Қосшығұлұлы Баянауылдағы Сәдуақас Мұсаұлы Шормановқа, Абайға және басқа да беделді ел ағаларына хат жазып, бүкілқазақтық мұсылман съезін өткізу туралы ақылдасқан. Съезге дайындық ретінде қаражат жиналып жатқанын хабарлаған.

Осыған байланысты Шәймерденнің поштада жатқан екінші хатын қолға түсіруге заң орындары бірталай әуреленген. Қыр өлкесінің генерал-губернаторы – ең жоғарғы әкімшілік басшысы талап етсе де жергілікті пошта-телеграф округінің бастығы «заңды бұза алмайтынын, хатты иесінен басқа адамға бермейтіндігін, өкіне отырып», сыпайы мәлімдеген. Тіпті, Ресей Ішкі істер министрінің де құзыры жүрмеген. Ақыры, 1903 жылғы мамырдың 22 күні Абайды Арқатқа шақырып, поштадан өз қолымен алдырған. Олардың хабарламасында «Ибрагим Құнанбаев Көкшетаудан № 802/87 тіркеумен келген хатты өзі алып, ашпай маған берді”, деп жазған. «Мен аштым, қыргыз (қазақ З.Т.) тілінде жазылған жазу 25 сәуірде Құнанбаевты тінткенде шыққан хатты жазған адамдыкі», деп көрсеткен.

Осылайша Шәймерденнің Абай атына жолдаған екі хаты да қолға түскен. «Аса маңызды тапсырманы мүлтіксіз орындағаны үшін Семей оязының бастығы Навроцкий Қыр өлкесі генерал-губернаторының алғысын алды» (1903 ж.1- тамыз). Осы хатында генерал-губернатор «Құнанбаевтың жеке басына байланысты неғұрлым толық мәлімет жіберуді» де қоса сұрапты [2,146].

Семей оязы бастығының Абайға берген мінездемесі және ол ұлы адамның тұрмысын, мінез-қүлқын, білім-парасатын, ел ішіндегі абыройын көрсететін құжат болса, әрине, әрбіреуіміздің жүрегімізге жақын. Оның үстіне ресми қызмет адамы жазған, бәлкім, Абай данышпанды бар қырынан көрсете алмаған құжатты журналист, кейін мемлекеттік архивті басқарған С.Байжановтың аударуында қазақшалап келтірейік:

Семей оязы бастығының Семей облысының әскери губернаторына 1903 жылы 26 тамызда жолдаған хаты. Құпия №48.

«1903 жылғы 22 августағы № 200 ұсынысыңыз жайында Сіздің Хұзырыңызға Шыңғыс болысының қырғызы Ибрагим Құнанбаевтың жасы 60-та екенін, 3 әйелі барын, олардан 20-ға жуық балалары барын, 1000 жылқысы мен 2000 қойы барын, оның өте білімді және ақылды адам екенін, Шыңғыс болысы болып 2 рет үш жылдан және үш рет үш жылдан істегенін, сонсоң бір рет 3 жыл бойына үкіметтің тағайындауы бойынша Мұқыр болысы болып істегенін хабарлаймын.

Құнанбаевтың қызметінде парасаттылық пен жігерлілік, үкіметке берілгендік [бар] және ұлтшылдықтың жоқтығы көзге түсті. Мысалы: Құнанбаевтың бір ұлы Михайловск артиллерия училищесінің курсын аяқтағаннан кейін офицерлер қатарына қосылды, Түркістан округінде қызмет атқарып жүріп қайтыс болды, қызы қырғыздар интернатында оқып, оның курсын аяқтады, қазір күйеуде. Қалған ұлдарының бәрі орысша сөйлеп, жаза алады, оларды әкесінің өзі оқытады. Құнанбаевтың өзі кітаптар, газеттер мен журналдар алдырады, орыс әдебиетіне ынта қояды. Бұрынырақта Семей уезіндегі және көршілес уездердегі қырғыздардың арасында Құнанбаевтың беделі өте зор болды, бірнеше рет «Төбе би», яғни болыстар арасындағы дауларды шешуші болып сайланды, бұл қырғыздар арасында ең жоғары құрмет болып саналады және сайланған судьяның адалдығына сенім көрсетіледі. Қазір Құнанбаевтың беделі бұрынғысындай күшті емес, ол қартайған, іске араласпайды, тыныш та жайлы өмір сүруде, тікелей өзіне қатысы жоқ істерге өте сақ қарайды, яғни, өз болысында да, сондай-ақ, көрші болыстарда да ешқашанда партияларды басқаруға бармайды, ал партиялардың басшылары онан кеңес сұрайды. Саяси жағынан алғанда, мен оны ақылды адам деп, фанатик емес деп санаймын, мұсылман билептөстеушілерінің қаракеттеріне араласпайтын, сенуге болатын адам деп санаймын. Өзімен әңгімелескен кезде Құнанбаев өз пайымдауларында мемлекеттік мүдделерді толық түсінетінін және Россияның Азиядағы иемденуіндегі жерлерде мәдениетті қызмет атқаруына дұрыс көзқарасын көрсетті, фанатик мұсылмандардың үкіметке қарсы әрекеттерін ашу-ызамен айыптады. Жалпы алғанда Құнанбаевтың өзі саяси тұрғыда ешқандай қауіп тудырмайды.

Соңғы сөйлемдер Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романында келтірген эпизодтарындағы Абай аузымен айтылған сөздерге өте-мөте жақын келеді. Біз қазір әңгіме етіп отырған жайлардың жазушыға ерте-ақ мәлім болғандығының бір дәлелі осы деп санаймыз.

Сонымен Шәймерденнің алғашқы хатының нұсқасы не толық аудармасы жоқ дедік. Екінші хаттың орысша аудармасы сақталған. Зерттеуші С.Байжанов қазақшалаған хат мынау. Бұл хаттан оның авторының ой-пікірін, Абайға деген ықылас-тілегін біршама байқауға болады:

«Ассалаумағаләйкүм! Биік мәртебелі аса құрметті, жұрт ардақтайтын Ибраһим мырза!

Сізге Ақмола облысының барша 5 оязының қадірмен адамдарының атынан жазып отырмын.

Мұндағы қазақ халқының мұқтаждық хал-жағдаяты 15 майдан әрман қарай мағлұм болмақшы, өйткені жиналған малды сатуға тура келеді. Халық қамқоршысы ретінде сізден еш хабар-ошар ала алмадық, ал сізден әлдеқайда шалғайда жатқандар хабар беріп тұр. Жетісу облысында болатын кеңесті күтудеміз, әмбе тері-терсек сатылатын Семей жәрмеңкесінің өтетін мерзімін күтіп жүрген жайымыз бар: мерзімі әлі бұрынғыдай. Жәрмеңкеден қазаққа келер пайда да шамалы, бұл жағын жұрттың бәрінен де өзіңіз жақсы білсеңіз керек-ті.

Баяғы дәурен өтті де, өлетін заман жетті. Барлық жай-жапсарды айтып, ақылдасуға болар еді, амал не, қазақтың мүддесін шағып, ойласуға кедергі жасап тұр ғой.

Хатты мына адреске: Көкшетау қаласы, қазақ мектебі, Зиядаға тисін деп әдепкі жолмен жіберсеңіз, аламыз. Хат жазушы мына мен пақыр әлі де көп нәрсе жазар едім, әзірше үндеместен осымен тамам етейін. 1903 жылғы 6 март». Хаттың момын сөздермен сыпайы басталып, қысылып аяқталғанын көріп отырмыз. Әрине қуғын-сүргінді көп көрген мұғалім Шәймерден Қосшығұлов өзіне әр жерден құрылып тұрған қақпанды білген. Хат қолға түсе қалғанның өзінде шектен шыққан «қылмыс» таба алмасын деп, тұспалдап қана емеурін танытады. Алайда, өкі меттің қырағы қызметкерлері осынау құпия сөздердің астарында әлеуетті саяси күш жатқанын да біліп қойған. Әйтпесе сонша дүркірей ме?

Байыптап қарасақ, бұл тек дін төңірегіндегі ғана әңгіме емес. Түп-тамыры тереңде жатқан ұлт-азаттық күрестің тағы бір көрінісі.

Осы арада Мұхтар Әуезов айтып кеткен сергек болжам ойға оралады:

«…Кейінгі зерттеушілердің есіне, әсіресе, салып өтетін бір жай: ақын жөніндегі деректер туралы… Крестьян начальнигі, ояз начальнигі, жандарал, округ, Омбыдағы корпус (генерал-губернатор) кеңселері, барлығының архивтерінде Абай жөнінен әлі де көп жаңалық табуға болатын тәрізді» (М.Әуезов. Т.20, 1985 ж. 83 б.)

Сақталған архив құжаттарына қарағанда, алғашқы хатқа Абай жауап бермеген. Екінші хатты 1903 жылғы сәуір айында Абайдың өзін Арқат поштасына алып барып, қол қойғызып, Навроцкий Абайдың қолынан алған. Хаттың мазмұны қазақ тарихшыларына мәлім. Бұл жөнінде осы жолдардың авторы «Абайға хат жазған Шәймерден Қосшығұлов кім?» деген тақырыпта мақала жазған болатын. (Абайдың саяси-құқықтық мұрасы және жаңа кезең. Қарағанды мемлекеттік университетінің баспасы, 1995 ж., 32-52 беттер).

Қысқасы, 1903 жылғы 25 сәуірде Абайдың үйін тінткен Семей уезінің бастығы Навроцкий Абайдың қолжазбалары, оқыған кітаптары мен журналдары сақталған сандықты қаттап, Семейге алып кеткен. Әрі қарай Омбыға жөнелткен.

Бұл қағаздарды мұқият зерттеп, тексерген сарапшылар, «араб әрпімен жазылған қолжазбаларда үкіметке қарсы бағытталған ештеңе табылмағаны» туралы қорытынды жасаған және Омбы шенеуніктері Абайдың сандығын қайтару туралы шешім алған. Бұл – 1903 жылғы қараша айындағы әңгіме.

Одан кейін қыс түсіп кетеді, қайдағы бір қазақтың сандығын қыс ішінде шанамен Омбыдан Шыңғыстауға жеткізіп беруі мүмкін десек, қисыны келе қоя ма? Көктемде, сәуірдің 20-25 дейін Ертістен өткел ашылмайтыны тағы бар. Жаз шыға сандықтың иесі – Абайдың өзі қайтыс болды.

Сонымен, Абайдың қағазы салынған сандық Омбыдан қайтпай қалды. Бұған дәлел ретінде, Алаш көсемдерінің бірі, заңгер Жақып Ақбаевтың жазғанын ұсынуға болады. Ол 1905 жылы 26 маусымда Ресей үкіметіне қазақтар атынан жазған арызында былай деп көрсетеді: «…1903 жылы Петропавл, Павлодар және Семей уездерінде белгілі-белгілі қазақтардың үйіне тінту жүргізілді. Сол тінту барысында олардан тартып алынған кітапханалар әлі күнге иелеріне қайтарылмай отыр…»

Бұл сөздердің Абай үйінен тәркіленген сандыққа тікелей қатысы бар екені күмән туғызбауға тиіс. Осылайша, қазақтың даналық ақыл-ой қазынасына, өнері мен әдебиетіне орны толмас орасан нұқсан келді.

Саяси сенімсіздігі жөнінде Абайға жабылған жаланы, оның үй-жайының заңсыз тінтілгенін, сандықтың тәркіленіп, Омбыға әкетілгенін Жақып Ақбаев жақсы білген. Және ол сандықтың ішіндегі қағаздардың, басқа да әдебиеттердің тарихи маңызын бағалай білген. Әйтпесе, «сол тартып алынған кітапханалар әлі күнге иелеріне қайтарылмай отыр», деген сөздерді еріккеннен жазбайды ғой.

Ал, Жақып Ақбаевтың Абайға байланысты бұл оқиғаны бүге-шігесіне дейін білгеніне күмән келтіруге болмайды. Оның дәлелдері мынадай: 1904 жылы 8 маусымда Ж.Ақбаев Омбыдан ауысып, Семей округтік сотына қызметке барған. Өзінің жерлесі саналатын Абайды бұрыннан білетін. Жақыптың Петербургте оқып жүргенде, жазғы демалыста елге келіп, халықтың тұрмысы, патша шенеуніктерінің заңсыз алым-салық алатыны, қазақтарға қорлық көрсететіні туралы орталық басылымдарға мақала жазатыны да мәлім.

Екіншіден, Жақып Ақбаев Абайдың досы, облыстық санақ басқармасында істеген заңгер Н.Коншинмен жақын араласқан. Самодержавиеге, отаршылдыққа қарсы күресте пікірлес болған. Абай мен Коншиннің жақын болғандығы туралы деректер жеткілікті. Ал, Ж.Ақбаев 1906 жылы күзде саяси қылмыскер ретінде сотты болғанда, Қарқаралыда өткен сот процесіне өзіне қорғаушылыққа Семейдегі Коншинді таңдағанын қағазға жазып берген.

Міне, Абайдың сандығының қандай жағдайда қолды болғаны туралы әңгіменің ұзын-ырғасы осындай.

Әлбетте, бұл қудалау, Арқат поштасына жетектеп апару, үйін, қора-қопсысын, балаларының қойын-қонышын заңсыз тінту – Абайға моральдық жағынан үлкен соққы болғанын түсінуіміз керек. Кейін, тергеу жұмыстары аяқталып, Абайдың орыс үкіметіне қарсы пиғыл-әрекеттері туралы күдік сейілгеннен кейін де, ұлы ақынның жүрегіне түскен жан-жарасы оңайлықпен жазылар ма? Мұндай жағдайда үкіметке, оның әділ билігіне деген сенімі жоғалып, өмірден түңілген жанның сандықты іздеуге ықыласы болар ма?

Уақыт легімен келгенде, қазақ даласындағы бұдан кейінгі оқиғаларды шолып, айта кетейік.

1904-1905 жылдары панисламизм, пантүркизм деген желеумен Ресей үкіметі қазақтың азаттық күресін бастаушы ұлтшыл, оқыған азаматтарын түгелдей қуғындады. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев бастатып, түрмеге жапты. Рақымжан Дүйсенбаев сияқты қаламгерлерін Архангельск, Котлас сияқты поляр шеңберінің сыртына жер аударды.

1909-1911 жылдары саяси көзқарасы үшін қазақ оқығандары тағы да қуғын-сүргінге ұшырады. Бұдан кейін 1916-1917 жылдардың оқиғалары келді. Тағы да қырып-жою, түрмеге жабу, жер аудару науқаны басталды. 1921-1922 жыл дары жаңа ғана ес жиып, еңсе көтере бастаған хат танитын қазақ көсемдері «ұлтшыл – бүлікші» атанып, тағы жазықсыз жазаға ұшырады. 1925 жылғы «кіші октябрь» науқаны үлкен дүрбелеңнің басы болып, аяғы «кәмпескеге» ұласты.

1929-1930 жылдары жаппай тұтқындау басталды. 1932 жылғы аштық, 1937 жылғы «қызыл қырғын», одан кейінгі екінші дүниежүзілік соғыс, 1950 жылғы жаппай қаралау науқаны… бұл қазақтың есін жиғызды ма?

Міне, осылайша, Абайдың қолжазбаларын іздеу түгілі, есі бүтін азаматтар қара басының қамымен әлек болды.

Бұдан мың жыл бұрынғы жәдігерлерді іздеп тауып, қалпына келтіреміз деп жатқанда, жүз-ақ жыл бұрын қолды болған, ізі бар Абай сандығын іздестіру керек-ақ. Осы жолдардың авторы Абайдың қолжазбаларын өз әлінше іздеп жүргеніне қырық жылдай болды. Омбы қаласына жыл аралатып барғанда, ондағы зиялы деген көнекөз қарияларды тауып, тілдестім. Кейбіреулерінің ұрпақтарын сұрастырдым. Үйлеріне бардым. Омбыдағы жоғары оқу орындарында бұрын жұмыс істеген қарт ұстаздарды іздестірдім. Өлкетанушылар мен тарихшылардың біразына кездесіп, пікір алыстым. Бірақ, үміт ұшқыны әлі көрінбей тұр.

Тіпті, сол кездегі шығыстанушылардың біреуінің қолына түсіп, қызықтырса, Абай қолжазбалары Омбы шегінен шығып, Ресейдің орталық қалаларына, одан асып шет елге кетіп қалуы да ғажап емес. Ұлы сүргін, қанды төңкеріс кезінде бас сауғалап, шет елге ауып кеткен орыс зиялыларының біреуінің қолына түспеді дей аламыз ба?

Осынау көп сұраққа бір ғана жауабым бар: Қалай болған күнде де, Абайдың сандығы, оның ішіндегі қағаздар отқа жағылған жоқ, әлдебіреу күресінге лақтырған жоқ. Ол қағаздардың құнын хат танитын әркім білгеніне шүбә келтірмеймін. Сандықтың ішінде Абайдың араб әлібімен жазған қолжазбалары ғана емес, діни кітаптар, орыс тіліндегі кітаптар, журналдар мен газеттер болған. Абайдың атына келген хаттар болған.

Патша заманында пошта-байланыс қызметі ішкі істер министрлігіне қараған, іс-қағаздарының тәртібі күшті болған. Мысалы, сол Арқат поштасының бастығы Абайдың атына келген хатты әкімшілік орындарына беруден бас тартып, «Ресейдің пошта Жарғысына сәйкес, хатты адрес иесі өзі қол қойып қана ала алады», деген уәжбен, тіпті, облыстың әскери губернаторының жарлығы бола тұрса да, уезд бастығына бермей қойғаны туралы архивте жазулы тұр. Сондықтан, бір із қалды ма екен деп, Дала губернаторлығының пошта әкімшілігінің архивін де қарап шықтым. Бәлкім, осы жолды жалғастырып көру керек те шығар.

Өз елімізде бұл мәселені республикалық баспасөзде бірнеше рет көтердім. Биыл, Абай жылы да қозғап, «Абай» сайты арқылы Ел Президентінің құлағына салған болдым. Бірақ, жаппай үнсіздік.

Менің ойымша, Абай мұраларын іздеу – мемлекеттік маңызы бар мәселе ретінде қолға алатын шаруа болуға тиіс. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, бір ғана адамның талпынысы әзір нәтиже беретін емес. Абайдың сандығын, өз қолымен жазған мұра-қазынасын іздеп табуды ұрпақтардың ұрпақтарына кететін ізгі міндет, азаматтық борыш ретінде әрбір есті қазақ баласы түсінсе екен деймін. Осы сөзді жариялап айтатын кез келді. Ал, біздің бұйрығымызға бағынбайтын уақыт көші өз жөнімен алға кетіп барады…

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
абайтанушы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button