Жаңалықтар

Myń bala – мыңнан жүйрікті анықтайды

Алдағы күндері Қарағанды облысының ауыл мектептерінің 200 оқушысы Myń bala ұлттық олимпиадасында бақ сынайды. Ұйымдастырушысы – «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры. Myń bala ұлттық олимпиадасы ауылдық жердегі дарынды балаларды анықтауға және қолдауға бағытталған. Жыл сайын ауыл мектептерінің 5-6 сынып оқушылары арасында өткізіледі. Марапаты – еліміздің үздік мектептерінде оқу мүмкіндігі.

Осы жылы ақпан-наурыз айларында бірінші, сырттай кезеңі өткізілген. Ол қашықтықта жүзеге асырылды. Ақпараттық-аналитикалық орталық алты пән бойынша екі тоқсандағы үлгерім деректерін өңдеді. Бұл – математика, жаратылыстану, информатика, қазақ, орыс және ағылшын тілдері. Сөйтіп, еліміздегі ауыл мектептерінің 5 мың үздік бесінші және алтыншы сынып оқушылары іріктелді. Екінші, тікелей кезең мерзімі карантинге байланысты екі рет ауыстырылған болатын. Енді ұйымдастырушылар сынақ өтетін мерзімді анықтады. Атап айтқанда, екінші турды Қарағанды қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі базасында 21-22 тамызда өткізу жоспарлануда. Жеңімпаздар компьютерлік тестілеу жолымен анықталады. Логика мен кеңістіктік ойлау тапсырмаларын орындау талап етіледі. Бүгінгі таңда Қарағанды облысында екінші кезеңге 200 оқушы іріктелген.

Жеңімпаздарға дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде оқу ұсынылады. Олимпиаданың барлық қатысушылары одан әрі оқуға және дағдыларын дамытуға арналған El Úmiti дамытушы онлайн-платформаға тегін кіруге рұқсат алады.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Back to top button