Жаңалықтар

Инфляция шектен асқан жоқ

Облыста 2020 жылғы шілдеде инфляция 0,7%-ды құрады. Азық-түлік тауарлары бір айда – 1,5%-ға, азық-түлік емес тауарлар – 0,3%-ға, ақылы қызметтер 0,2%-ға қымбаттады. Бұл туралы облыстық статистика департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Азық-түлік тауарларының арасында көкөніс өнімдерінің бағасы өскендігі байқалады. Мәселен, статистика департаменті қырыққабат – 30,8%-ға, картоп– 24,2%-ға, сарымсақ– 18,7%-ға, сәбіз – 17,4%- ға, тәтті бұрыш– 7,6%-ға, қызылша – 4,1%-ға қымбаттағанын айтады. Қиярға – 17,9%, қызанаққа – 1,2% баға төмендеген. Жемістер бағасында алманың құны – 8,7%- ға, алмұрт – 7,6%-ға көбейді. Тұз, қантта да өсім бар. Жұмыртқа арзандап, темекі өнімдері 6%-ға қымбаттады.

«Азық-түлік емес тауарлардың ішінде ақпаратты өңдеуге арналған жабдықтарға – 2,7%, жиһаз бен үй тұрмысына қажетті заттарға – 2,2%, жуғыш және тазалағыш құралдарға – 1,4% бағаның өсуі байқалды. Ақылы қызмет көрсету саласында салт-дәстүрлік қызметтерге бағаның 8%-ға өсуі тіркелді, газ үшін төлем 2,1%-ға өсті, әуе жолаушылар көлігі қызметтері 1,8%- ға арзандады» дейді статистика департаментінің баспасөз қызметі.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button