Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ
«ЖОЛАМА, ҚУЛАР, МАҢАЙҒА»
Жолама, қулар, маңайға,
Не қылмадың талайға?
Кiм жағады сендерге
Тартқызған азап Абайға?
Соның да тiлiн алмадың‚
Сабадың‚ сөктiң‚ қарғадың.
Көрiне қашан кiргенше
Арсылдап иттей қалмадың.
Сендерден белгi нең қалар?
Жемтiгiң, жеген жем қалар.
Ақылы дария Абайдан
Таусылмас қоры кен қалар.
Жақсыдан қазына пұл қалар,
Солмайтын жасыл гүл қалар.
Сендердей арсыз қулардан
Желге ұшатын күл қалар.
Менi арбайтын сен емес,
Көнетiн саған мен емес.
Ақылың сенiң – маған тұл,
Дертiмдi жазар ем емес.
Адамдық борыш, ар үшiн,
Барша адамзат қамы үшiн,
Серт бергем еңбек етем деп,
Алдағы атар таң үшiн.
Сендермен де жүргемiн,
Әр тесiкке кiргемiн.
Жәдiгөй, арам сайтаным,
Жаныңның сырын бiлгемiн.
Сертiме жету – арманым,
Көтерем тағдыр салғанын.
Өлгенiмше iзденем,
Толтырар кемiн қалғаным.
Адам үшiн еңбегiм –
Елу бес жыл тергенiм.
Қалағанын қарап ал,
Мұрам сол, жастар, бергенiм!
***
Мағжан ЖҰМАБАЕВ
АТАҚТЫ АҚЫН – СӨЗІ АЛТЫН ХАКІМ АБАЙҒА
Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес
Қарадан хакім болған сендей жанды
Дүние қолын жайып енді күтпес.
Сөзіңе құлақ салып, баға бермей,
Қисайып, қыңырайды жұрттың иттес!
Бұртиып, теріс қарап: «Аулақ жүр!», – деп,
Болды ғой жақын туған бәрі кектес.
Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме,
«Қор болды қайран сөзім босқа!», – деме.
Артында қазақтың жас балалары
Сөзіңді көсем қылып, жүрер жөнге!
Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,
Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.
Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,
Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар.
Жүрген жанның артында ізі қалар,
Етікші өлсе, балға мен бізі қалар.
Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,
Жүйрік өлсе, артында сөзі қалар!
Сұм дүние сылаң беріп көптен өтер,
Сау қалғанның көбісі ертең бітер.
Тоқтамас дүниенің дөңгелегі,
Жүйріктің айтқан сөзі көпке кетер.
***
Қасым АМАНЖОЛОВ
АБАЙҒА АЙТАРЫМ
Бұл күнге лайық алыпсың!
Ол күнге қалай сыйғансың!
Бір өзің бүкіл халықсың,
Қалдырмай бәрін жиғансың.
Жарылып кете жаздапты-ау,
Жырламай тынсаң жүрегің;
Айтпаған сөзің аз қапты-ау,
Бөлек бір туған кім едің!..
Атаның ұлы емессің,
(Кешіре жатар Кеңгірбай),
Халықтың ұлы боп өстің
«Ибраһим» демей, – деді «Абай».
Абай десе Абайсың,
Абайладың жан-жақты,
Риза еттің жарайсың
«Қалың елің – қазақты».
Сен өлгелі елу жыл, –
Деген сөзге кім нанар?
Жүз тоғызда сен биыл, –
Бір мүшелің тойланар
Ақын ата ақсақал,
Академик құрметті!
Ұсынамыз, қабыл ал,
Жазушылық билетті.
Өзің бастап ашарсың
Пленумды, съезді;
Құнсыз өлең, нашар сын,
Көпірмелі көп сөзді.
Көрсетуге ұялсын,
Кейбір кесір керауыз;
Бағалансын, сый алсын
Ойлы, күйлі жыр нағыз.
«Заманына ақын сай
Болса…» дерсіз, білемін;
Болмай жатыр, япырмай,
Болсын! – менің тілегім.
Жатыр көп жыр жырланбай,
Шырқар кім бар шындықты?!
Керек боп тұр, шіркін-ай,
Өзіңіздей бір мықты.
Күтуліміз асыға,
Келе жатыр, тым жақын,
Сыншысын ертіп қасына,
Келеді бір мықты ақын.
Сол керемет тудырса –
Ешбір ақын тең келмес,
Біздің кейбір достарша
Сіз болмассыз бақ күндес…
Мынау біздің кеңсеміз,
Анау сіздің көшеңіз.
Таңданарсыз көрсеңіз,
Терезесі неше жүз…
Нұрлы сарай енсеңіз,
Іші толған ән мен күй –
Бұл түс емес, сенсеңіз,
Сізге лайық осы үй.
Төрлетіңіз, келіңіз
Қолмен ұста, көр, тыңда…
Осындай ма еді төріңіз
Шыңғыстағы жұртыңда?..
Сіздін кітаптарыңыз…
Тиражын бір санаңыз.
Тек бұл емес барыңыз;
Мынаңыз бар, анаңыз…
Орысша да қазақша,
Қытайшасы және бар…
(Емес-ау бұл аз ақша,
Сұрай қалса гонорар).
Үйілген жүк сона бір –
Сіз туралы, сіз жайлы…
(Өзгелерін соң оқыр,
Абай алды «Абайды».)
Ал, ақсақал, мен қойдым,
Айтсын енді басқалар;
Қиыры жоқ бұл тойдың
Қызығы енді басталар.
***
Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ
АБАЙ ЕСКЕРТКІШІНЕ
Бір сенімі бар еді маған да елдің,
«Ұлғайды арман»,
Мен-дағы алаң болдым.
Ымыртта ымырт құсап қоңырайып,
Өзімді іздеп шығып ем – саған келдім.
Кетті дейді жыр оңбай… құрсын бәрі,
Сыншылар жүр том жазып, ырсыл қағып…
Жүз мода өзгерді ғой, мың бір заман,түйе жүн күпі киіп тұрсың ба әлі?
Қара шал-ай, қарашы мойын бұрып:
Жырды алдым шау тарттырып, қойылдырып.
Басқа барар жерім жоқ, саған келем
Қалғанда сөзім жүдеп, ойым құрып.
Таппаған соң өлеңмен жүрек емін,
бір-ақ сілтеп қолымды жүрер едім:
туатұғын сықылды бүгін-ертең
мраморға жазылар бір өлеңім.
Қажып келдім, қасыңа қалғиыншы,
Не қарғыс, не бата айтшы… ал құйылшы.
Сен маған туған жерім сияқтысың,
Аңсағанда келетін шалдың исін…
***
Мұқағали МАҚАТАЕВ
«МЕН-ДАҒЫ ӨЛЕҢ ЖАЗБАЙМЫН…»
Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін,
Ермек үшін немесе өлмеу үшін.
Жазсам, жазам жырды мен, жасырмаймын,
Жаралы жүректерді емдеу үшін.
Ермек үшін белгілі жырламасым,
Ермек десе, ел мейлі тыңдамасын.
Өтсем болды арқалап адамдардың
Қуанышын, шаттығын, мұң-наласын.
Қуат алып Абайдың тіл-күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден.
Өлмеу үшін – құлқынды жемдеу үшін,
Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін.
«Жаздым үлгі жастарға бермек үшін»
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін!
***
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА
АБАЙ АҒА!
Биікте ме – қайда жүр аруағың?
Құлағыңа жете ме шағым-әнім?
Көкті кезіп іздер ем – жерде мені
шырмап қойды шырғалаң шаруа, мұң.
Жердің беті балшық пен былық әлі,
Жол табады жылпос пен ұры-қары
Жұртың даңғой әм надан баяғыша.
мәз болады бір-бірін жығып әлі.
Алтын шапақ шашпай тұр қырдың таңы,
аяқты алшаң басқанға құлмын тағы.
Саған дерт боп жабысқан ел тірлігі
бүгін менің жанымды шыңғыртады.
Жылымшы өмір жанымды құлазытты,
Талмап-талмап тауыстым жыр-азықты.
Құдай емес, кісіден келген жұтан
шөлге айналған жерімнен құлан ықты.
Ашсам деген жұрт көзін қыран едің,
мерт еткенде сені де құба жерім,
ел етем деп тыртыңдау не тәшіме
керек екен десеңші мына менің!
Қалқиды әнің – рухыңның кептері ме,
ұстаймын деп әуремін текке, міне.
Дарыныңнан, ойыңнан бермей маған
Тек дертіңді жұқтырып кеткенің не?
***
Жәркен БӨДЕШ
ЖЫР КӨКТЕМІ
Көгеріп, жасарғандай дала, қыстақ,
Айнала балауса өмір,даналық шақ.
Алатау ұлы Абайға ұқсап отыр,
Қолына көк сиялы қалам ұстап…
Жаңғыртып барша əлемді мəңгілік жыр,
Оятты тəтті ұйқыдан таңды бұлбұл.
Бозторғай «Жаз» өлеңін аспанда оқып,
Айызын тыңдаушының қандырып жүр.
Сахара бір көгілдір нұрға толып,
Ағады арнасында су да толып.
Əйгілі «Айттым сəлем, Қаламқасты»,
Барады көкжиекке тырна созып.
Сиқырлы үн боп кіріп құлаққа – Абай,
Жатқандай жылтырайды құраққа май.
Тоты құс түстес алуан көбелектер,
Қонады гүлден-гүлге тұрақтамай.
«Қарға мен өгіз» сырын шымшық оқыр,
Жүрегін əлдекімнің шымшып оқыр.
Жұп аққу «Жазғытұры» жырын жаттап,
Бір байғыз кəрі қыздай сыңсып отыр…
«Мінеки, болыс болдым» дегендейін,
Өңешін созды құзғын өлердейін.
«Көгершін сап-сап, көңілім, сап, көңілім» деп –
Аударды пенделердің өлеңге ойын.
Өлеңсіз – көңіл күйге жарымайды,
Өлеңсіз – өтсе өмірдің бəрі қайғы.
Қараңғы түнде ұлы тау қалғиды,
Тыңдаса «Желсіз түнде жарық айды».
Бұл-дағы Абай – көктем күші деп біл,
Көкек те əупілдейді іші кепкір.
Тойынған қар суына сəуірік- бұлт,
Аспанның ар жағынан кісінеп тұр.
Кеткендей бойдан ызғар, санадан кір,
Емеді Ана-Жерді бала-жаңбыр.
Тұяғын қайта-қайта тасқа соғып,
Тау ішін құлын-бұлақ аралап жүр…
Көкпеңбек туым түстес болды атырап,
Көк түсті қызартам деп болма ақымақ.
Қазаққа əсіре қызыл жаққан емес,
Жарасар ақ терекке – көк жапырақ.
Қонғанда ақ шешекке көк көбелек,
Көрінер көркемдігі көптен ерек.
Қолына көк бөрілі байрақ алса,
Алашың арыстан боп кетсе керек…
***
Жүрсін ЕРМАН
АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ
I
Тас болып тұрсың.
Өтеміз күнде осы арадан.
Өзіңнен басқа таппаймыз мұңдасар адам.
II
Абай ағамыз!
«Қазағым-ау» деп Сіз бізді көп аямаңыз:
Қатыгездікке келгенде қарайып әлі
Сабақ алатын жақсыны
Сабай аламыз.
Өтірік! Жалған –
аспанның астын кернеген,
бабаларымыз, меніңше, қасқырды ембеген:
Қақпанға түссе тірсегін қиып кететін
Бөрінің серті сондықтан дәстүрге енбеген!
Қанағат та жоқ,
Рахымның ізі қалмаған,
Қайырым қылар дегенің – бұзық. Оңбаған.
Патшайым болар дейтіндей періште де жоқ,
Қу аяқ бар ма – қазақтың қызын алмаған!
Адамгершілік айрылды өз бағасынан,
Алдауға келсе інісі озды ағасынан.
Түндіктен түсіп,
Кіндіктен қылмыс жасайтын
Түңіліп жүрміз қазақтың бозбаласынан.
Мұсылман таппай – отырар тізгін басында,
Тұлпарға тоқпақ таққан соң,
Құзғынға – сырға,
Құдайдан медет болмаса, қазағың әлі
Жылап көрісер, ей аға, Сіздің ғасырға!
***
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ
ЖИДЕБАЙДА
Абай ата, келмеймін күнде саған,
Саған шашпай мұңымды кімге шағам?
Көресіні түгелдей көріп болмай
Күтіп тұрған көрге де кірмес адам.
Жерден сырлас таппадым сөз ұғарға,
Көкте жүрген көзелдің көзі бар ма?
Тіршіліктен түңілген тамам бала
Өзін асып жатыр ғой өзі дарға!
Ақзу тілім ақ сор боп шұбарланып,
Қыжылымды айтпадым құмар қанып,
Гəкку əнім гөй-гөйге көп ұласты,
Сұңқылдаған аққудай сыңар қалып.
Тəуіп еткен таспұтым телкек қылды,
Өзімді əкеп өзіммен шағыстырып.
Ала жіптен аттамай ас батпады,
Бүйрек пенен жүректі тас қаптады.
Жылан жылытып жүрген соң қойнымызға
Жанымыздан жылу да қашқақтады.
Ертоқымның сынған соң айылбасы
Ұмытылды ұлы əннің қайырмасы.
Сүтте қаймақ қалмайды, қыз да -оймақ,
Су мен удың жоғалды айырмасы.
Жидебайда жарылса талай атом,
Жырлап жүрген біз соны – Сарай ақын.
Ұрпағыңа «Тоқтат!» деп тоқтам айтшы,
Бар еді ғой аруақты Абай атың!!.
***
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ
ЖАҢҒЫРЫҚ
«…Жартасқа бардым,
Күнде айқай салдым
Одан да шықты жаңғырық…»
Абай.
Дауысым шықты жаңғырып,
Жан-жағым толған жаңғырық.
Сізден соң өмір-өлеңге
Біз қайдан келдік қаңғырып.
Адасқан күшік секілді,
Ойларым жұртта қалды ұлып.
Тұлпар тұяғы кетілді
Алашқа тілеп Арлылық.
Ей, Шыңғыстаудың баласы,
Запыран құстым зар қылып,
Қазақтың қайран даласы –
Жаңғырықтардан мәңгіріп,
Есімнен кетті тандырып…
Беу, елімнің ерен Абайы,
Теңіздей терең Абайы.
Ататын таңның арайы,
Шұғылаға тұнған маңайы.
Санама мені пендеге,
Өзіңді көрем түсімде.
Жартасқа бардың сен неге
Жаңғырық есту үшін бе?..
Қара көңілдің жарығы ең,
Халқымды бастар мәңгілік.
– Абай! – деп айқай салып ем
– Абайла! – деді жаңғырық.
Аймалап өстік Күн, Айды,
Көкейде көктеп көп өлең.
Жаңғырық шықса жылайды –
Абыралы, Мыржық, Дегелең…
Жаңғырық естіп құрсақтан,
Ұрпақ боп тудық күнәлі.
Абайдың өзі мұң шаққан –
Меңіреу жартас тұр әлі.
Жаңғырды бүгін тау іші,
Жанымда менің жанды үміт.
РУХЫМНЫҢ өлмес дауысы –
Шыңғыстан шыққан жаңғырық…