АбайАймақРуханият

Арқа төріндегі Абай қаласы

Бүгінде Лондон, Каир, Берлин, Киев, Нью-Делиде адамзаттың Абайына арналған ескерткіштер мен ақынның есімі берілген көшелер бар. Ал, Қазақстанда Абай есімі берілген екі аудан бар екен. Оның бірі ақынның туған елі Шығыс Қазақстан өңірінде болса, екіншісі – Арқада.

Қарағанды облысындағы аудан мен оның орталығы саналатын қаланың атауына Абай есімінің берілуі – қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлын мәңгі есте қалдыру мақсатымен ізгі ниеттен туған ұстаным дейді қала тұрғындары. Қала алғашқыда Қарағанды көмір алабының батыс телімдерінің игерілуіне байланысты 1949 жылы Шерубай-Нұра кенті ретінде құрылған. 1961 жылы қалаға айналған. Кент құрылысында ҚарЛаг пен Песчанлаг тұтқындары еңбек еткен. Бүгінгі таңда Абай ауданының әкімшілікаумағында Абай қаласы, Топар, Южный, Қарабас кенттері және 11 ауылдық округі секілді 15 әкімшілік бірлік бар.

Бүгінгі күні 30 мыңға жуық халық тұратын Абай қаласында хакім есімімен тығыз байланысты әдеби-мемориалдық мұражай жұмыс істеп тұр. Мұражай директоры Төлеуғазы Әбішевтің айтуынша, қазіргі таңда мұражайда 1933 жылы Қызылордада жарық көрген Абай Құнанбайұлы шығармаларының араб тіліндегі кітабы сақтаулы. Құнды қазына 1955 жылға дейін Семей облысында тұрған ақын Төйлеу Көбдіковтің қолында болып, кейін балаларына мұра ретінде қалған. Ұрпақтары кейін оны осы мұражайға табыстаған көрінеді.

Сондай-ақ, абайлықтар өткен жылы бірнеше көшенің атауын бірден өзгерткен еді. Қаладағы К.Маркс көшесі – Сәкен Сейфуллин, Калинин көшесі – Шерубай батыр Биболдыұлы, Курчатов көшесі – Әлия Молдағұлова, Ленин көшесі – Әбу Насыр әл-Фараби, Энгельс көшесі – Әлімхан Ермеков көшесіне айналды. Бүгінде қазақы атауларды иеленген көшелермен жүрудің өзі мәртебе екенін қуана айтады Абай аудандық орталықтандырылған кітапханасының директоры Наталья Филипенко. Оның айтуынша, қазіргі таңда хакім есімін иеленген қалада Абай есімі берілген мұражай ғана емес, көше мен шахта да бар.

– Менің замандасым, Абай ауданындағы орта мектептің бұрынғы директоры, қазір Францияда тұратын Надежда Ким егіз немересінің біріне Абай есімін берді. Кішкентай Абай – біздің ұғымда Франция мен Қарағандының арасын жалғап тұрған көпір. Сенің есіміңді қазақтан шыққан Ұлы Абайдың құрметіне қойдық деп айтып отырамыз. Менің ойымша, бар ғаламға ортақ тұлғаның есімі ұрпақтан-ұрпаққа осылай ұлықталуы тиіс, – дейді ол.

Биыл Абай қаласының тұрғындары ақын мерейтойына қызу дайындық үстінде. Данышпанның еңселі ескерткішін орнатпақ. Ашылу салтанаты қазан айына жоспарланған. Ескерткіш жобасының авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, қарағандылық Бейбіт Мұстафин.

Ауданның қазіргі тыныс-тіршілігіне үңілгенімізде биылғы мерейтойда абайлықтардың мемлекеттік бағдарламалар аясындағы 42 инфрақұрылымдық жоба бойынша (сомасы – 1 млрд. 362 млн. теңге) ауқымды жұмыс орындарын құра отырып іске асыруды жоспарлағанын бағамдадық. Қысқасы, мерейтой жылы «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасы ел игілігіне сүбелі үлес қосатын болады. Ортақ мүдделі іске жұртшылық ықыласпен атсалысуда. Олар республикалық танымдық #МеніңАбайым, #Abai175 #ABAI175 челленджіне де белсене қатысуда.

Жергілікті авторлардың шығармаларынан құрастырылған «Абай жаққан бір сәуле…» жинағы мерейтойға толымды тарту ретінде оқырман қолына тиеді. Сонымен қатар, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының 20-ға жуық тілге аударылған нұсқасын сандық жүйеге көшіріп, электронды кітап нұсқасын жасау жұмыстары жалғасуда. Бұлар – атаулы жылы атқарылар ұлан-ғайыр істердің болмашы бір бөлшегі ғана.

Аяулым СОВЕТ.

АБАЙ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button