Жуырда балқаштық Ауған соғысының ардагері Болатбек ҚАЛИБЕКОВ баспаналы болды. Демеушілердің көмегімен сатып алынған пәтер кілтін Балқаш қаласының әкімі Ораз ТӘУІРБЕКОВ табыс етті.
Ардагердің тұрмыстық ауыр халін білетін жауынгер достары осы жылдардың ішінде бірнеше рет жергілікті билікке хат жазып, пәтер берілуін жылдамдатуды сұрайды. Биылда «Балқаш қаласы Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері бауырластығы» ұйымы баспананың тауқыметін әбден тартқан соғыс ардагері жайлы мәселені шаһар басшысы Ораз Тәуірбековке жеткізген. Қала әкімі ардагердің мәселесін дереу шешуді қадағалауына алған. Нәтижесінде, «Тастемір» ЖШС демеушілік көмегі есебінен ардагерге Мұхаметжанов шағынауданындағы 22 үйден үш бөлмелі пәтер сатып алынған. Жауынгер бұған дейін орталық жылу жүйесіне қосылмаған, ауыз суы мүлдем жоқ үйде отбасымен және 1 топтағы мүгедек анасымен тұрып келген.
Ол өзінің басындағы ауыр жағдайға көңіл бөлген қала әкіміне, «Тастемір» ЖШС-іне алғысын жаудырды. Көптен бері жалғыз тастамай, көмектесу қамымен жүрген барлық достарына ризашылығын білдірді.
Жауынгер-интернационалист Болатбек Қалибеков 1981-1983 жылдар аралығында Ташқорған аумағында әскери борышын өтеген. Соғыс оты тұтанған елге ең бірінші кіргендерге өте қиын болғаны белгілі. Ауғандықтар «ташқорғандық мотоатқыштар полкі» деп атайтын әскери құрамда жүргенде ауыр жарақат алған. «Ауғанстан халқынан алғыс» медалімен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Үкіметінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Айта кетейік, Балқаштан соғысқа 90 адам аттанған. Олардың арасында балқаштық Самат Нұрғалиев пен Анатолий Антонов ерлікпен көз жұмды. Сонымен қатар, ағаларының кегін қайтару мақсатында Самат Нұрғалиевтың қарындасы Ләззат Нұрғалиева мен Татьяна Гущина соғысқа қатысты. Бүгінде Балқаш қаласында 57 ауған соғысының ардагері бар.
Нұрдос КӘРІМ.
БАЛҚАШ қаласы.