Жеңіс Қасымбек: «Салттық қызметтер көрсетуде алыпсатарлыққа бару адамгершілікке жатпайды»

Жаңаарқа ауданында коронавирустан күніне бес адамға дейін қайтыс болып жатқан жоқ. Осыған дейін интернетте жарияланған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Saryarqa телеарнасындағы брифинг барысында маусым айында ауданда әртүрлі себептермен 24 өлім жағдайы тіркелгенін мәлім етті.

Сондай-ақ, тікелей эфир барысында облыс басшысына салттық қызметтер бағасының негізсіз өсуі туралы сұрақ қойылды. Әлеуметтік желілерде белгілі бір агенттік Қарағандыдан Қарқаралыға өлген адамның мәйітін жерлеу үшін 500 мың теңге талап еткені туралы жарияланым пайда болды.

— Облыс орталығында жерлеу қызметтерінің құны — 150 мың теңге. Карантинге дейін де осындай баға болды. Өткен аптада бұл мәселе талқыланды. Қарағандыда «КВИ» диагнозымен жерлеу қызметін тек «Патологоанатомиялық орталық плюс» ЖШС көрсетеді. Фирма басшылығымен қала бойынша бағаны 150 мың теңге, облыс бойынша барлық аудандарға жеткізуді қоса есептегенде 200 мың теңгеге дейін қалдыруға уағдаластық. Мысалы, Қарқаралы, Жәйрем, Нұра ауданы, Балқаш…. Қарқаралы бойынша негізсіз төлем фактісі расталмады. Егер сіздерде дәлел бар болса, растайтын құжаттарды талап етіңіздер, біз әрбір жағдайды анықтауға дайынбыз, — деді Жеңіс Қасымбек.

Ол сондай-ақ бұл мәселені жеке бақылауда ұстайтынын айтты. Салттық қызметтер көрсетуде алыпсатарлыққа бару адамгершілікке жатпайды.