«Сақтық шаралары әдетімізге айналсын»
Қауіпті індет әлемнің басты мәселесіне айналғанына жарты жылдан асты. Жаңалықтарда бір елдерде басылды деп жатады, енді біреуінде керісінше, өршіп кетеді. Қазіргі таңда елімізде аурудың таралуы бәсеңдеді дегенімізбен, сақтық шараларын сақтауымыз – шарт.
Бұл – SARS-CoV-2 жаңа вирусы салдарынан туындаған инфекциялық ауру. Ауру респираторлық дерттің жөтел, қызба симптомдарымен, ал ауыр жағдайларда тыныс алудың қиындауымен сипатталады. Аурудың жаңа анықталған белгілерінің бірі – дәм немесе иіс сезудің жоғалуы. Ол адамнан адамға әуе-тамшы жолдарымен жұғады. Вирусы бар затқа жанасқаннан кейін көз, мұрын немесе ауызды ұстаған жағдайда да жұғуы мүмкін. Осы себептен де оны жұқтырып алу қаупі зор. Сондықтан, ең алдымен қарапайым сақтық шараларын орындау – қорғанудың алғышарты саналады. Әуелі, науқас адамдармен байланыстан алшақ болу керек. Егер байланысуға тура келсе, бір метрден артық жақындамай, бетперде киіп, қашықтықты сақтауға тырысу қажет. Адам көп жиналатын жерлерге бармау керек. Инфекцияның таралуының алдын алу үшін қолды сабынмен жуудың берері мол. Ол үшін 20-30 секунд аралығында саусақ араларын, алақанды, барлық ашық жерлерді қамтыған жөн. Қол жумай тұрып, көзді, мұрын мен ауызды ұстамаған дұрыс. Бактерияға қарсы құрамында спирт бар антисептикалық ерітінділерді жиі қолдану қажет. Үйде болғанда бөлмені жиі желдетіп отырған абзал.
Бір қарағанда, өз қолыңды жуу мәселесі – әр адамның жеке басының ісі. Бірақ, бұл – БҰҰ және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшылары атап өткендей, аса маңызды мәселе. Оны елемеу апаттық салдарға әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, қолды жиі әрі дұрыс жуу және мүмкіндігінше дұрыс жуу технологиясын сақтау – инфекциялық аурулардың алдын алу үшін өте маңызды.
Бетпердені дұрыс кию шарттарын орындау да аса маңызды. Бір реттік медициналық бетперделер 3 сағат сайын ауыстырылуы кажет. Бетпердені ауызды, мұрынды және иекті жауып тұратындай етіп кию керек. Сонымен қатар, ол жақсылап жанасуы тиіс. Егер бетперденің бір жағы түрлі-түсті болса, оның ақ түсін ішіне қаратып киеді. Бетпердеде арнайы қатпарлар бар болған жағдайда, оларды ашу керек, ал мұрын тұсына иілмелі пластина тігілген болса, бетке анағұрлым толық жанасуын қамтамасыз ету үшін оны майыстырып, мұрынға жақындату керек. Бетпердені пайдаланған кезде оның сүзгі бетін қолмен ұстамауға тырысу керек. Ал, ұстаған жағдайда қолды жуу немесе антисептиктермен өңдеу қажет. Егер бетперде ылғалданса немесе ластанса, таза және құрғақ жаңа бетперде киген жөн. Бір реттік бетпердені қайта пайдалануға болмайды.
Көп реттік бетперделерді өңделгеннен кейін ғана қайтадан пайдалануға болады. Үй жағдайларында көп реттік мата бетпердені шаруашылық сабынын немесе кір жуу құралын пайдалану арқылы жуып, сосын бу генераторының немесе бу беру функциясы бар үтіктің көмегімен өңдеу керек. геннен кейін бетперде ылғалды қалпында қалмауы тиіс, сондықтан, ыстық үтікпен бу беру функциясын қоспай үтіктеу қажет. Қолданылған бетпердені, оның ішінде, түшкіргенде және жөтелгенде пайдаланылған орамалдарды бөлек қалтаға салып, оны мықтап жауып, содан кейін ғана қоқыс салатын шелекке салу керек.
Маңызды мәселердің бірі ретінде салауатты өмір салтын ұстануды алсақ, ол толыққанды ұйқы, таза ауада жиі болу, белсенді демалу, дәрумендерге бай тағамдарды күнделікті қолдану сияқты әрекеттерден тұрады. Яғни, бұл – барлық адамға таныс күнделікті өміріміз. Ол ағзаның кез келген инфекциямен күресуіне көмектеседі.
Сонымен қатар, егер дене қызуы көтеріліп, респираторлық аурулардың симптомдары пайда болған жағдайда, коронавирус ауруы туралы ғана ойламай, басқа да жедел респираторлық аурулардың, созылмалы өкпе және бронх аурулары немесе пневмониялар, маусымдық аллергиялар және де басқа да созылмалы аурулардың өршу белгілері болуы мүмкін екенін ескерген жөн. Мұндайда дұрыс шешім қабылдау үшін мұқият болып, сабыр сақтау қажет. Емханадағы жалпы тәжірибе дәрігеріне хабарласып, кеңес алған (қашықтықтан болса да) дұрыс.
Әр адам ең алдымен өз денсаулығына өзі жауапты екенін естен шығармайық. «Ауырып, ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, сабыр сақтап, гигиенаның қарапайым ережелерін бұлжытпай орындау арқылы инфекциялық аурулардың таралуына жол бермейік. Салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден аулақ болу, дұрыс тамақтану, дәрігерге дер кезінде қаралу – денсаулықты сақтаудың қарапайым шарттары екенін ұмытпаңыздар.
Бауыржан ОМАРҚҰЛОВ,
жоғары санатты жалпы тәжірибе дәрігері,
профессор.