Жаңалықтар

Онлайн-несие беріледі

Төтенше жағдай басталғаннан бері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі онлайн қызмет көрсетуді жалғастыруда. Клиентке банк менеджерімен бейне байланыс арқылы қашықтықтан кеңес алуға мүмкіндік беретін видеобанкинг жүйесі сәтті қызмет көрсетуде.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, қазіргі таңда сұранысқа аса ие қызметтердің бірі –видеобанкингтің іске қосылуымен қатар жаңа мамандық видеобанкир пайда болды.

– Сайттан бейнеқоңырау жасау арқылы филиалға келгенде жүгінетін қызметтерді орындайсыз. Видеобанкирге өзіңізді таныстырған уақытта, бірнеше минут ішінде жүйе бірнеше фотосурет пен биометриялық сәйкестендіру жасайды. Биометриялық сәйкестендіру бұл адамды бет-бейнесі, саусақ ізі немесе дауысы арқылы тануға мүмкіндік береді. Адам тұлғасын анықтағаннан кейін банк операторлары қызметтерді орындауға кіріседі, – деді ТҚЖБ басқарма төрайымы.

Қазіргі уақытта видеобанкинг арқылы екінші депозитті ашу, шарттық соманы өзгерту, басқа банктерге, шоттарға ақшаны аудару, депозитті онлайн шегеру қызметтері қолжетімді.Тамыз айынан бастап шартты толық бұзу, депозиттерді біріктіру, онлайн-сақтандыру да қолжетімді болады. Сондай-ақ, алғашқы депозитті ашуды онлайн форматқа ауыстыру жоспарлануда. Бұл пандемиямен күресудің маңызды шарасы ретінде филиалдарда адамдардың көптеп жиналуын шектейді.

Л. Ибрагимованың сөзіне сүйенсек, қарыз беру кезінде туындайтын көптеген шектеулерге байланысты Қазақстанда онлайн-ипотека пайда болуы мүмкін.

– Бүгінде заңнамалық бастамалардың шағын топтамасын дайындап, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен, Ұлттық банкпен мәселені талқылаудамыз. Үкіметке кейбір заңдарға өзгерістер енгізуді ұсынғымыз келеді. Ол Қазақстанда толыққанды онлайн-ипотека құруға мүмкіндік тудырып, үйден шықпай-ақ, несие рәсімдеуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Аталған жүйе қазіргі таңда банкте ішінара жүзеге асырылуда. Клиент өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасының көмегімен өтінімге қол қояды, ал банк төлем қабілеттілігін бірінші кредиттік бюроның, зейнетақы қорының деректері бойынша бағалайды. Кейін берілуі мүмкін ең жоғары соманы көрсете отырып, сертификат ұсынады.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button