АймақҚарқаралы

Сенатор – Қарқаралыда

Қарқаралы ауданына арнайы жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаты Рысқали ӘБДІКЕРОВ өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму ахуалын бағамдап, тұрғындардың пандемия кезіндегі тыныс-тіршілігімен жете танысты.

Сенатор алдымен, Қарағайлы кентіндегі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан №16 орта мектептегі құрылыс жұмыстарының жай-күйін зерделеді. Мердігер «Марал құрылыс» ЖШС өкілімен кездесіп, пікірлесті. Тапсырысты орындаушы тараптың құрылыс сапасына айрықша назар аударуы қажет екендігін атап айтты. Алдағы уақытта мектеп пен қазандық ғимараттарының шатыры ауыстырылып, білім ошағының сырты сайдингпен қапталмақшы. Қабырғасы мен едендері жөнделіп, жылу, су, кәріз, электр жүйелері қалпына келтіріледі. Есіктер мен мектептің сыртқы қоршаулары ауыстырылады.

Рысқали Қалиақпарұлы сонымен қатар, жаңадан салынған селолық дәрігерлік амбулаторияға кіріп, заманауи талаптарға сай жабдықталған медицина орталығының емдеу ісіндегі мүмкіндіктерін сұрастырды. Қауіпті індеттің алдын алуға қатысты атқарылып жатқан шаралар тізбегімен танысты.

Парламент Сенаты депутатының бұдан кейінгі жұмыс сапары Қарқаралы қаласында жалғасып, бірқатар ірі нысандарды аралады. Қала халқын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында салынып жатқан 72 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс алаңында болды. Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылық колледжінің студенттері үшін тұрғызылып жатқан 100 орындық жатақхананы да назардан тыс қалдырмады. Ауданға келетін дәрігер мамандардың орналасуы үшін арнайы дайындалып, жөндеу жұмыстары қауырт жүріп жатқан тұрғын үйде болып, ел басына ауыртпалық түскен кезеңде ақ халатты абзал жандарды баспанамен қамтудың өзектілігін тілге тиек етті. Жақында ғана ашылған 320 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешенінде болғанда заманауи құрал-қондырғылармен жабдықталған спорт кешенінен қазақ спортының мүмкіндігін әлемге паш ететін тұлғалардың тәрбиеленіп шығуына тілектес екенін жеткізді. Аудандық сотқа барып, сала мамандарымен әңгімелесті. Өз сөзінде сот жүйесінде орын алған жағымды өзгерістерді сараптай отырып, сот қызметкерлеріне зор жауапкершіліктің жүктелетініне назар аударды.

Содан кейін Көктас ауылындағы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар ауқымымен танысты. Асфальт төселген ауылішілік жолдармен жүріп, №4 мектеп ғимаратына да бас сұқты.

Ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне үлес қосып, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған «Қарынши» шаруа қожалығының егін алқабында шаруашылық жетекшісі Қайырбек Қыдыралинмен жүздесіп, қолға алынған қарымды істердің мәні мен маңызына көңіл аударды. Өз кезегінде шаруашылық иегері қыстақ басына электр желісін тартуға мемлекет тарапынан көмек берілсе екен деген сипаттағы тілегін бүкпесіз білдірді.

Сенатор өзі атбасын тіреген селолық округтер әкімдеріне кез келген жұмысты мүдделі түрде зор жауапкершілікпен атқару қажеттілігін баса айтты. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандарда сапаны қадағалау басты міндеттері екенін ескертті. Сонымен қатар, пандемия кезінде Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер мен жеңілдіктерді халықтың ұтымды пайдалануына жағдай туғызу, сақтық шараларын қатаң ұстауға қалыптастыру негізгі талап екендігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ауыл еңбеккерлеріне, шағын және орта кәсіпкерлік өкілдеріне мемлекеттік қолдаудың тиімді тетіктерін түсіндіру мәселесіне де тоқталды.

Жұмыс сапары барысында көтерілген мәселелерді ұдайы назарда ұстайтынын мәлімдеді. 

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button