Қарағандыда дәрі-дәрмек сатқан алыпсатар ұсталды
Қарағандыда тұрғындарға дәрілік заттарды ұсынған алыпсатар құрықталды. Ол дәрі-дәрмектерді рұқсат беретін құжаттарсыз жоғары бағамен сатқан.
Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне КВИ пандемиясы мен дәрі-дәрмектердің жетіспеуі жағдайында қарағандылық азамат тапшы дәрі-дәрмектерді заңсыз сатумен айналысатыны туралы жедел ақпарат келіп түсті.
Қабылданған шаралардың арқасында 6 шілдеде бұрын сотталмаған 1983 жылы туылған Қарағанды тұрғыны ұсталды. Жедел уәкілдер одан жалпы сомасы 110 мың теңгеге медициналық препараттар сатып алды: 42 дана ЦЕФ-III (бір ампулаға 1 800 теңге); 5 орама “Зитмак 500” (бір қорапқа 4 300 теңге); 9 орама лидокаин (бір қорапқа 1 000 теңгеден).
Сондай-ақ, ұсталған азаматтың көлігін тексеру барысында 67 дана ЦЕФ-ІІІ табылып, тәркіленді.
Қазір дәрі-дәрмектерді сатып алуға және қайта сатуға қатысы бар барлық адамдарды анықтау үшін тергеу шаралары жүргізілуде.