Алғашқы түлектер қанат қақты
Әлемді күтпеген жерден жаулаған індет адамзат баласын жауапкершілік жүгін арқалауға итермеледі. Барлық сала өкілдері бұған қарсы тұруға жаппай жұмылды. Білім беру жүйесі де қалыс қалмады. Осы кезеңде білім беру саласында айтарлықтай өзгерістер орын алды. Оқушылар онлайн білім алуға көшті. Осындай сын сағаттарында еліміздің барлық мектеп мұғалімдері мен әкімшілігі аяқтарынан тік тұрып жұмыс істеді. Ата-аналар да балаларын үйде оқытып, ұстаздармен теңдей жұмыс атқарды.
Балқаш қаласының Әлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеплицейінің «педагогикалық ұжымы-ата-аналар-оқушылар» үштік одағы қашықтан оқу процесін тиянақты жүзеге асырды. Білім ошағының материалды-техникалық базасының толықтығы өз жемісін берді. Биыл оқу жылының қорытындысы ретінде өтетін дәстүрлі «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» мерекесі де онлайн режимінде ұйымдастырылды.
Білім ордасы 2008 жылы 12 желтоқсанда Елбасының «100 мектеп және 100 аурухана» бағдарлдамасымен ашылған. 2009-2010 оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер, биыл алғашқы түлектері атанып отыр. Мектептің де, түлектердің де негізі мықты қаланған. «Білім негізі – бастауышта» екені рас қой. Биыл сегіз оқушымыз «Алтын белгі» иегері атанды. Бұл – он бір жылғы еңбектің жемісі. Өн-бойына елінің тілін, тарихын, мәдениетін, өнерін жақсы сіңіріп, еңбекқорлық пен жауапкершілікті ту еткен Әсем Ерғали, Баян Сағым, Гаухар Мұхаметжанова, Карина Каукенова, Қуат Отарбаев, Аяулым Кенжетаева, Нұрай Қасенханова және Әділбек Тишбек сынды үздіктер мектеп-лицейдің мақтаныштары.
– Кез келген елдің болашағын көргің келсе, сол елде тұрып жатқан жастардың тыныс-тіршілігіне қара, – деген екен ғұлама ғалым Әл-Фараби. Көшбасшылық қарым-қабілеті мектеп қабырғасында қалыптасқан түлектеріміздің алған білімі, адами қасиеттері – ел-халқының өркендеуіне өз үлесін қосарына сенеміз.
Оқытудың сапалы әрі табысты болуы мұғалімнің біліктілігіне, оқыту әдістеріне ықпал етеді.
Осындай алғыр оқушыларымыздың негізін берік қалаған бастауыш сынып мұғалімдері мен ата-аналарға оқушылар, мектеп-лицей әкімшілігі атынан алғыс білдіреміз.
Әр баланың кеудесінде сәуле болады. Ата-ана мен педагогтың міндеті – сол сәулені жалынға айналдыру. Міне, осы міндетті қайыспай арқалаған ұстаздардың еңбегі ұшантеңіз.
«Өмір – теңіз, Жүзем онда демеңіз, ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» – деп Шығыс шайыры Рудаки айтқандай, өмірде ізгілікке, жақсылыққа, игі істерге ұмтылыңыздар!
Несіпғайша ЖҮНІС,
француз тілінің мұғалімі.
БАЛҚАШ қаласы.