Үш шаһар газ күтіп отыр

Биыл газдың қызығын көріп, бағы ашылғалы тұрған шаһарлардың қатарында Нұр-Сұлтанмен бірге Теміртау, Жезқазған, Қарағанды бар. Жылу берілгенге дейін аймақтың үш қаласы да көгілдір отынға жетіп жығылады. «Самұрық-Қазына» кеңесінің отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Алик АЙДАРБАЕВ Елбасыға бұл туралы мәлім етті.

«Сарыарқа» газ магистралінің құрылысына алаң білдірген Нұрсұлтан Әбішұлына төраға өзі жетекшілік етіп отырған компания мен «Самұрық-Қазына» қорына қойылған міндет орындалып, магистральды газ құбырын салу тапсырмасы өткен жылдың соңында аяқталғанын жеткізді.

«Қазір бұл газ құбыры жұмысқа дайын. Аймақтарда, соның ішінде, Елордада газ тарататын құбырлар салынып жатқанын білеміз. Осы жылдың жылыту маусымына дейін газ аймақтарға кіргізіледі», – деді Алик Айдарбаев.

Тұңғыш Президент бұл істі аймақтардың одан әрі жалғастыруы керектігін атап, Үкіметке оны қадағалауды жүктеді.

Үкімет басшысы Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласына биылғы жылу маусымында газ қосылатынын баяндады. «Қазіргі уақытта ЖЭО-2 нысанын газға ауыстыру жұмысы жүріп жатыр. Газды тарататын желілер салынуда. Нұр-Сұлтандағы ірі нысандардың көбі биыл газға қосылады. Сонымен қатар, Теміртау, Қарағанды мен Жезқазған қалалары да ішінара газға қосылады. Яғни, желі бойындағы ірі қалалардың бәрі де осы жылдың жылу беру маусымында газды қабылдауға дайын», – деді Үкімет басшысы.

Қызғалдақ АЙТЖАН.