Жарық көрген туындылары постмодернистік эстетикаға жақын жазушы Дидар Амантай. Оның «Гүлдер мен кітаптар», «Тоты құс түсті көбелек», «Шайтан мен шайыр» романдары мен «Мен Сізді сағынып жүрмін» повесі, «Көзіңнен айналдым», тағы басқа әңгімелерінде постмодернистік дүниетаным, басқа қаламгерлерімізге қарағанда, мейлінше қоюлана түскенін байқаймыз. Алайда, Д.Амантайдың шығармашылығы жайлы ғалым, жазушы, сыншылар арасында түрлі пікірлер бар.
Дегенмен, сыншыларымыздың: «Қандай да болсын шығарма, егерде ол жаңашыл болса – қашанда интеллектуалдық провакация тудырады. Шығармадағы жаңа түйсік, жаңа ойдың әсерінен қоғамда инттелектуалдық дауыл басталады» деген сөздерінің жаны бар сияқты. Дидар Амантайдың романдары көлемі жағынан шағын болып келеді. «Гүлдер мен кітаптар» романы жайлы зиялы қауым өкілдерінің бірі: «…оны роман деп айтатын болсақ, онда бүкіл дүние романға деген көзқарасын өзгертуі керек… оны роман деп айтуға болмайды» деген пікір білдірсе, екіншісі: «Дидардың жазғандары ешкімге ұқсамайды. Оның жазғандары өзгеше, дәстүрлі жазу үлгілеріне келмейді. Бұл ерекшелікті жастар жағы жақсы қабылдаса, ересектер түбірімен қарсы тұрады. …Ал маған Дидар жаратылысы бөлек, қайталанбайтын марқұм досым Асқар Сүлейменовті еске түсіреді», – дейді. Ал, кейбір сыншыларымыз қаламгердің төл прозамызға саналы түрде құрылымдық өзгерістер енгізуге ұмтылатындығын, сондықтан да оқырманның оны бірден қабылдай алмай жатқандығын айта келіп, «Дидар шығармашылығы көзге ұрмайтын пәлсапалық құрылымымен және жасампаз сұхбаттастық сипатымен ерекшеленеді» – деген ойын айтады.
Таласбек Әсемқұлов «Қазіргі қазақ прозасының бағыт-бағдары» атты мақаласында: «Дидар Амантай бүгінде аты ауызға ілініп, әсіресе аға буын қаламгерлер үшін «проблема» тудырып жүрген жазушы. Осы жерде бір айта кететін нәрсе бар. Әлемнің кез келген әдебиетінде экспериментке жол беріледі. Шынына келетін болса, Дидарда классикалық стильге ешқашан қарсылық болған емес. Ол өз шығармашылығының таза эксперимент екенін мойындайды және айтып отырады. …Эксперименттің де көркемдік презумициясы бар екенін мойындауымыз керек», – деп өте орынды пікір білдірген.
Дидар Амантайдың кейінгі жылдары жарық көрген «Мен Сізді сағынып жүрмін» повесі дәстүрден мүлдем бөлек шығарма. Ең алдымен, оны шығарманы оқу барысындағы сөйлем құрылымынан аңғарасыз. Стилистикалық жағынан қате деп азар да безер боларсыз, алайда, постмодернистер белгілі бір өлшем немесе қалыптасқан дәстүрді бұзушылар болғандықтан, қайтадан сабаңызға келесіз. Өйткені автор өзі құрап отырған сөйлемдердің стилистикалық жағынан үйлеспей тұрғанын біледі. Нағыз постмодернистік үлгіде жазылған шығарма дер едік. Повесть (он-ақ беттік) түрлі шығармалардан үзіп алып, құрастырылғандай әсер қалдырады. Белгілі бір жүйемен өрістейтін оқиға негізгі идеяға, шығарма түйініне алып келетін біртұтас сюжет жоқтың қасы. Кейіпкерлер арасындағы диалог сырт қарағанда белгілі бір мақсатты білдіруге арналған немесе ой алмасуды көздемеген секілді. Адамдардың еркінен тыс, аузынан байқаусызда шығып кеткен, жауап қайтаруды керек етпейтін кездейсоқ сөздер сияқты. Шығарма шешімі жоқ жұмбаққа толы. Оның анығына жету де ең басты міндет емес. Мұқтардың өлімімен біткен соң, оны ары қарай жалғастыру оқырманның өз еркіндегі ситуация. Повесть постмодернистік коллажбен берілген. Ал, постмодернистік коллаж – қазақ әдебиеті үшін әлі де түсініксіздеу құбылыс. Алайда, эксперимент үшін жазушының оны қолдануы айып емес. Постмодернизмнің ең басты ерекшелігінің бірі – жазушы мен оқырманның арасына теңдік белгісін қоюы. Жазушы да өзі жазған көркем шығарманың оқушысы, көп оқырманның бірі ғана. Дидардың осы шығармасын алғаш оқығанда, дәстүрлі әдебиеттен қалыптасқан ойыңызға, түсінігіңізге мейлінше кері әсер қалдыруы мүмкін. Өйткені, оқиға бейберекет берілген, әуелі финал суреттеледі (Мұқтардың өлімі, оны Ғалиябанудың Ерболға келіп айтуы), одан кейін қайтадан кері айналған желіге тап боласыз, яғни, негізгі шешімдегі жағдайдың жай-жапсары түсіндіріле бастайды. Оның өзі жүйелі, бірізді, анық емес. Түрлі постмодернистік коллажбен берілген компоненттерді қалауыңыз бойынша орналастырсаңыз да нәтижесі, шешімі бір-ақ негізге кеп саяды.
Повесте жастардың арасындағы шытырман қарым-қатынас, тығырыққа тірелген күй, Мұқтардың өлімі суреттеледі. Қаламгер туындыларында көбінесе осы заманғы қоғамның жағдайлары, ондағы жастардың рухани құлазуы секілді мәселелер тереңнен қамтылады.
Жалпы, шығармада персонаждардың күйзелісі молынан ұшырасады. Диалогтарды қолданғанда оқырманын адастырушылықтар бар. Алдымен, Ғалиябану мен Ерболдың арасындағы әңгіме, одан кейін ол кілт үзіліп, Мұқтардың қайтыс болар алдындағы Ербол екеуінің арасындағы диалогтар беріліп отырады. Яғни, постмодернистік әдеби ойын техникасын қолданған. Сонымен бірге кімнің айтып отырғаны белгісіз, қайталап оқымасаңыз түсініксіздеу философиялық пайымдауларға жиі ұшырасып отырасыз. Автордың ерекшелігі сол, ол бір түскен соқпақтан оп-оңай шығып, қалыптағы өмір көріністерін суреттейді де, қайтадан диалогтарға көшеді. Бір сөзбен айтқанда шығарма ішінде емін еркін қозғалады. Бас кейіпкер Мұқтар – адал жарды аңсаушы, таза өнерді сағынушы адам. Ал, Ғалиябану «адалдық қылықта ма, жоқ, әлде ниетте ме?», осы екеуін ажырата алмай дал болған, адалдықтың не екенін бағамдай алмайтын Мұқтардың әйелі. «Ұят өлімнен күшті» деген ұлттық мінездегі қағиданы бұзушы. «Тіршілік ұяттан дербес, сондықтан ұят өлімнен күшті де, әлсіз де емес», – деп ойлайды біздің адалдық күтетін персонажымыз. Нұрлан азғырушының құрбаны. Мұқтар үшін махаббат қасіреті оңайға соқпайтынын шығарма барысын оқуда түсінесіз. Жан азабын өз сүйгені түсінбеген жанның шарасыз әрекеті. Кейіпкерлер арасындағы диалогтың монологқа, монологтың диалогқа жиі ұласуы, авторлық пайымдаулардың берілуі шығарманың өзіндік ерекшелігіндей. Мысалы:
« – Тұрақтылық жоқ бізде, ой да, сезім де опасыз, – деді ол ширақ жүрген бойы Ерболға қарамай сөйлеп.
Иә, пендешілік қиянаты толастаған ба, мүмкін, пешенесіне бұйырғаны сол бітіспес күрес, ұдайы арпалыс, үнемі айырылысу.
Күтсін қасіретін бейбақ, қасіреті міндетті түрде келеді, алдамайтын жалғыз адал бауыры осы.
Зады, бекер, деп ойлады Ербол, көздегені – ажал. Көше бұрышынан кафе көрінді. Шаршады, енді өмірден түңіліп, мәңгілік ұйқыны аңсайды. Мәңгілік ұйқы бар ма.
Білмейді. …Ұйқы дегеніміз – өмірдің жалғасы. Ғұмырдан кейін ұйқы жоқ, қаза – жарық сәуледен көз жазып қалатын су қараңғы өткел. Өлім артынан із басатын – топырақ иісті ештеңе. Ештеңеде ұйқы болмайды».
Осындай беймаза ойлар мен сауалдарға кейіпкерлеріміз жауап іздеуге тырысады. Бірақ сауал шексіз, ал жауап тұңғиық. Бұған жауап та айтылмайды. Себебі, постмодернистер ойынша нақты ақиқат жоқ, болған күннің өзінде дүние қызықсыз болып көрінеді. Постмодернистер үшін әлемнің жұмбағын шешу де, шешілуі де мүмкін емес. Бізді қоршаған ортаның бәрі жалған, «әрбір өтірік өзінің уысында шындықтың бір бөлшегін сақтауда, ал әрбір ақиқаттың өзінде бір тамшы болса да у бар» деген постмодернист авторлардың ойы осы шығарманың бойынан да табылады.
Ақтық сәтте Мұқтар өлгісі келмейтінін түсінеді. «Келмеңізші маған ажал, әлде бәрін ерте көрген, елден бұрын өткерген дұрыс па, аярлықты да, адалдықты да». Ол артынан неге өлгісі келетінін Ерболға: «Мен Құдайды іздеп бара жатырмын. …Ұлы Тәңірдің Отаны және пәниде жүздескен күнә мен пейілдің ұясы сол жақта болуы тиіс», – деп шынын айтады. «Құдайды іздеген ол жазғытұрым көкек айында Медеу шатқалы аңғарында жұма күні атылып өлді».
Мұқтар мәңгілік шындықты табуда, адал көңілдің жолында қаза болды. Оған итермелеген тіршіліктегі берекесіздік емес, бұған Ғалиябанудың еш қатысы жоқ секілді. Бас кейіпкеріміз шексіз адалдықтың құрбанына айналды, ал, өмір – біз ойлағаннан да әлдеқайда күрделі. Шынайылықты, шындықты іздеп өмірін қиған Мұқтарды ақиқат қарсы алған, алмағаны тағы белгісіз.
«Көзіңнен айналдым» әңгімесі Дидардың өзге шығармаларына қарағанда әлдеқайда күрделі, әлдейқайда кең кеңістікті қамтиды. Әңгімеде автор өзі өмір сүріп отырған елдің тарихын таспаға түсіріп отырғандай жақындап барып, ешқандай эмоциясыз «камераның» түтікшесінен алысты бақылап отырады. Камера көзі оқырманға бір-ақ сәтте бірнеше ғасыр бұрын өтіп кеткен оқиғаларды тізбектеп береді. Өткен жүз жылдықтарды ұзын-сонар баяндап жатпай, уақытты пейзажбен ұштастыра отырып, аз сөзбен түсінікті жеткізген. Камера өздеріңізге белгілідей бірде жақындатып, бірде алыстатып бір мезетте бірнеше қимылдар жасай алады. Ал оқырман санасы ше? Адам зейіні, адам қиялы мұнан да үлкен мүмкіндіктерге ие.
Осы әңгімеде автор мұнан бұрын жарияланған өз шығармаларын ұтымды пайдаланады. Егер оқырман аты аталған кейіпкерлер кездесетін шығармалардан хабардар болса, онда бұл оқырманға әңгіменің түп төркінін түсінуге көмек, ал оқымаса, әңгімені толық түсіну үшін қарап шығуына тура келетінін ескерткіміз келеді. Ал, ең қызығы әңгімеге әдебиет теориясының нысандарының енуі, тіпті, автордың тұжырымының берілуі. Постмодернизм теориясындағы симулякрдің (түпнұсқасыз көшірме) өзін жоққа шығарып отырғандай әсерде қаласыз. Мысалы: «Шаһарда таза болмыс, табиғи келбет жоқ, қолдан сомдалған, тіршілік атаулыға қарсы, өлі құбылыс, кент – рухани кеңістікте мәдениетті шеңберлеп айналған жасанды серік. Қала, зады, қашанда түпнұсқа емес. Үйлер – алғашқы шын қыстаулардың, тас үңгірлердің көмескі бейнесі, шала көшірмесі». Яғни, қала түпнұсқасыз көшірме (симулякр) оның түпнұсқасы сонау замандарда әңгімеге арқау болып отырған елдің тарихындағы тайпалардың (сақ, ғұн, үйсін) мекен еткен үңгірлері екенін мәтіннің астарына жасырған сыңайлы. Одан соң «Ептеп жел соқты. Майда қоңыр омырауын самалдады. Ол сөзін жалғастырды. Даусы бір түрлі жарықшақтанып шықты» – деп он бесінші – он алтыншы ғасырлардағы жырау Сүйінішұлы Қазтуғанның толғауының беріліп, «– Ау, қайдасың, Рабиу-Сұлтан-Бегім, Жауһар-Ханым, Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегім, Тоқтар-Бегім, Аққозы-Бике, Жаған-Бике, Хоча-Патшайым, Жағым-Ханым. Көзіме бір көрінші, Анар, Жанар, Гүлмира, Сәуле, Бота, Айнұр, Әсем. Шіркін, Маржан, Шынар, Елмира бір көрінер күн бар ма?» деген жолдардан не ұғамыз? Белгісіз баяндаушының Қазтуған жырау болып, ел үшін ерен еңбек еткен қайраткерлердің шешелерін, елге үлгі-өнеге болған аналардың есімдерін атап, аңсап тұр, алайда сол кісілерді атай отырып, «көзіме бір көрінші» деп бүгінгі күнгі аналардың, қыздардың есімдерінің аталуынан екіұдай ойда қаласыз. Мүмкін баяндаушы он бесінші ғасыр өкілі болып бүгінгі сұлулықты көргісі келеді, мүмкін бүгінгі қыздардың сол аналардай болса деген ниеті. Ал, Д.Амантайдың шығармаларындағы әйел, қыз, білім бар, көрік бар, ақыл бар, қоғамдық ортада өз ұстанымы, тәрбиесі бар, жан-жақты сырт көзге мінсіз кейіпкерлерде не жоқ? «Ер адам – ұрпақ тәрбиелейді, әйел адам – ұлт тәрбиелейді». Ұлтқа үлгі-өнеге боларлық қасиеттің жоқтығы шығар, бәлкім. Астарлы – самоирония.
Жалпы, жазушы шығармаларындағы жас кейіпкерлердің барлығы бақытқа ұмтылады. Нағыз бақытты, жұмақты аңсаушы жандар. Бақытты махаббаттан тапқысы келеді. Ал, сезім тұрақсыз. Оның соңы – өкініш («Мен Сізді сағынып жүрмін» повесіндегі Мұқтардың ойы). Сезімнің орнын қайғы басып, қасіретке ұласып жатады. «Өмірдің соңы – өкініш, санамен ойлап білгенге», – дегендей мәңгілік бақытты іздеуші Дидар Амантайдың кейпкерлерінің барлығы адалдықты, әділдікті іздеуде жанын құрбандыққа қиюшылар. Постмодернизмнің басты қасиеті болып саналатын ақиқатқа (бақытқа, шынайылыққа, шындыққа) жетудің мүмкін еместігін дәлелдеушілер.
Саржан ТАКИРОВ,
Әділ ЖАКУЛАЕВ.