Шахтинск

Ұлттық нышандар ұлықталды

Шахтинск қаласы әкімдігінің алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті. 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Республика» көшесі бойында Әнұран шырқалып, көк Туды желбіреткен акция ұйымдастырылды. Аталмыш акцияға Шахтинск қаласы әкімдігі белсене қатысты.

Иә, кез келген елдің елдігін, мемлекеттің мәртебесін айқындайтын басты құндылықтары болады. Ол – елдің дархан даласы, астанасы және мемлекеттік рәміздері. Елтаңба мен көк Туға, Әнұранға құрмет – тарихқа тағзым. Өйткені, мемлекеттік белгілеріміз – елдің құты, ырыс-қасиеті. Елдіктің тірегін сақтаушы, өскелең ұрпақ үшін қастерлі саналатын мемлекеттік рәміздеріміз атабабалардың арманы, еліміздің көптен күткен үміті еді. Осынау мерекелі, шуақты күн биыл 28-ші рет тойланып отыр.

– Бүгін елімізде маңызды күн. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнін біз осымен жиырма сегізінші рет атап өтіп отырмыз. Ұлттық нышандар – елдігімізді, егемендігімізді айқындайтын нышанымызға, барша қазақстандықтардың байлығы мен мақтанышына айналды. Сондай-ақ Қазақстан халқының достығының, бірлігінің және тыныштық пен бейбіт өмірінің символы. Сондықтан, ел байлығы болып табылатын мемлекеттік рәміздерімізді әрқашан қастер тұта білуіміз қажет, – деп атап өтті қала әкімі Сержан Аймақов.

Сонымен қатар, акция барысында қала әкімінің аппараты қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әнұранын шырқады. Ал, ұлттық рухымызды асқақтатқан ұзындығы 10 метрге жуық көк Туымыз Кеншілер мәдениет сарайының төбесінен желбіреп, барша шахтинскіліктердің көз жауын алып, көңілдеріне қуаныш сыйлады. Жоғары деңгейде өткен Мемлекеттік рәміздер күні баршаның көңілінде ұмытылмастай әсер қалдырды.

Аманкелді ТҰРЖАНОВ.

Шахтинск қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button