ҚарағандыРухани жаңғыру

Ар-ождан тазалығы – шынайы мәртебе

Қазақ халқы адам құқығын қорғау мәселесіне терең бойлап, оның мақсаты мен мәнісіне жете баға берген. «Би төрттің құлы: адал еңбек, таза ниет, терең ой және әділдік» деген тұжырым – соның айғағы. Бұл ойдың түп-тамырынан аққа жақ болуы тиісті судьяның түйсіктүсінігі қандай болуы керектігі аңғарылады. Жалпы, судьялар қызметін өркениетті елдерде қалыптасқан өлшемдер негізінде таразыласақ, сот төрелігінің әділдігі мен оның жедел әрі толық орындалуы – кез келген елдің кемел болмысының көрінісі.

Дана халқымыда «Билік айту – оңай, біліп айту – қиын» деген нақыл бекер айтылмаса керек. Би – халықтың ожданы. Демек, судьяның адамгершілік және моральдық әдебі бейнесінен мемлекет мәртебесі айқындалады.

Сондықтан, бүгінгі күні Судья әдебі кодексінің сот төрелігін жүзеге асырудағы алатын орны маңызды. Қазіргі қолданыстағы Судья әдебінің кодексі 2016 жылы қараша айының 21 күні қабылданған. Кодекс 15 баптан тұрады. Онда келесідей тараулар қарастырылған: «Судьялардың іс-әрекеттерінің әдеп қағидалары», «Кәсіби міндеттерді орындау кезінде судьяның іс-әрекеттерінің әдеп ережелері», «Судьяның отбасындағы және тұрмыстағы іс-әрекеттерінің әдеп ережелері». Кодексте орын алған қағидалар және ережелер атқаратын қызметтерінен тәуелсіз барлық судьяларға, сонымен қатар отставкадағы судьяларға да міндетті.

Кодекс Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» Конституциялық заңға негізделген. Онда «Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы», Халықаралық «Азаматтық және саяси құқықтар туралы пакт», «Судьялардың іс-әрекеттерінің Бангалор қағидалары» және басқа да халықаралық актілер ескерілді.

Кодекспен судьяның кәсіби қызметтегі, әкімшілік өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезіндегі және қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлқына қойылатын талаптарға судьялардың жауапкершілігі арқылы ықпал ету шаралары көзделген.

Сонымен қатар, судьяның абырой-беделіне ерекше көңіл аударылып, оның сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңды және ар-ожданын басшылыққа алып, шешім қабылдау қажеттілігі көрсетілген. Осы тұрғыда судья, өз қызметі арқылы азаматтардың бойында Қазақстан Республикасының Конституциясын, еліміздің заңдарын құрметтеу сезімін қалыптастырып, заңның үстемдік принципін орнықтыруы тиіс. Судья, қандай жағдайда болсын сот билігінің тәуелсіздігі принципін сақтауы және сот билігінің беделін түсіретін, судьяның абырой-беделіне нұқсан келтіретін және сот төрелігін жүзеге асыру барысында оның объективтілігі мен бейтараптылығына күмән тудыратын жағдайлардың бәрінен өзін аулақ ұстауы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрып, кімнің тарапынан орын алса да, оған кез келген жағдайда ымырасыз болуға міндетті.

Судья қызметтік міндеттен тыс уақытта қызмет бабын өзінің жеке басының мүдделері, отбасы мүшелерінің, ағайын-туыс пен жақындарының мүдделері үшін пайдаланбауы тиіс (қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, өмір мен денсаулықты, мүлікті қорғау мүдделерінен басқа).

Отбасы мүшелеріне байланысты және судьялық міндеттерін орындауына кедергі келтірмейтін істерден өзге, басқа адамдардың істері мен өзге де заңды мүдделері бойынша өкілетті өкіл ретінде әрекет жасауға құқылы емес. Сондай-ақ, ол құпиялы сипаттағы материалдық мүдделер туралы хабардар болуға және өзінің отбасы мүшелерінің материалдық мүдделері туралы ақпарат алу мақсатында ақылға қонымды шаралар қабылдауға, жұмыстан тыс уақытта өзін тәртіптілігі мен адалдығына, адмгершілігіне дақ түспейтіндей етіп ұстауы керек.

Судья процеске қатысушы тараптармен іс жүргізуден тыс қарым-қатынастардан аулақ болып, кәсіби беделіне күмән тудырмайтындай мінез-құлықты ұстануы қажет. Судьяның процеске қатысушылармен іс жүргізуден тыс қарым-қатынаста болу жағдайы, оның мінсіз мінезқұлқына қарамай, міндеттерін жауапсыз орындау деп танылып, абыройына нұқсан келтіріп, сенімсіздік тудырып, істің қаралуына кедергісін тигізуі мүмкін. Қоғамдық пікір, судья қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында сынау, оның шешімдерінің заңдылығы мен негізділігіне ықпал етпеуі тиіс. Судья сот шешімін шығарғанға дейін істің мәні, айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені, талап арыздың негізділігі не негізсіздігі туралы өзінің пікірін жариялы түрде білдіруге, сондай-ақ, соттардың заңды күшіне енген қаулы, шешімдеріне кәсіби қызметінен тыс жағдайда күмән келтіруге және судьялардың кәсіби әрекеттерін сынауға, өзінің міндеттерін атқару кезінде алған ақпаратты ашуға немесе өзінің жеке басының мақсат-мүддесіне пайдалануға, кеңесу бөлмесінің құпиясын және мемлекеттік құпияны жария етуге құқылы емес.

Әдеп кодексі судьялардың әдеп ережесін реттеп қана қоймайды, осы ережені бұзғаны үшін белгілі бір жауапкершілікті де анықтайды. Мысалы, Кодекстің 3-тарауында судья әдебі жөніндегі комиссияның ведомстволық бағыныштылығы, судьялардың жауапкершілігі негіздері мен оған ықпал ету шаралары көзделген. Сот жүйесін дамытуға, оны сыйлауға және сот тәуелсіздігін нығайтуға үлесін қосатын судьяның өзіне лайықты әдебі болуының маңызы зор. Сондықтан, сот жүйесі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын сенімді қалқанға айналуы ләзім.

Жалпы айтқанда, мақалаға арқау болып отырған басты тұлға – судья сот ісін жүргізу қағидатын басшылыққа ала отырып, істерді қарау мерзімін бұзуға жол бермеу, сот төрелігінің сапасын арттыру, еңбек тәртібін және судья этикасының нормаларын сақтау, сот беделін көтеру туралы талаптарды үнемі бұлжытпай орындап, антына адал болуы керек.

Сәрсен САҒАТОВ,

ҚР Судьялар одағы Қарағанды филиалы судья әдебі жөніндегі комиссиясының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button