Әдебиет

Мәңгілік жұлдыз

 

Абай – рух, ақындар пайғамбары,
Асқан даңқы, атағы айдан да әрі.
Халқының жоғын жоқтап ғұмыр кешкен
Ақын жолы – соқпақсыз, майдан бәрі.

Жасымнан Абайды оқып, шаттанғанмын,
«Абайды көп білем», – деп мақтанғанмын.
Хакімнің тереңдігін кейін білдім,
Киесінен содан соң сақтанғанмын.

Таңғалтып сұлу, сырлы әні бізді,
Енгізіп рухани сәнімізді,
Арқаға Татьяна «көшіп келіп»,
Пушкинмен таныстырды бәрімізді.

Қуатын көргім келіп қызыл тілдің,
Абайдың жас шағына келіп кірдім.
Әйгерімдей махаббат бар екенін,
«Абай жолын» оқыдым, сонда білдім.

Құран да бар үйімде, Абай да бар,
Қысылғанда дем берген талай маған.
Мұқтаж жанға қол созсаң – имандылық,
Кім екен деп қарама қарайлаған.

Абай – ақын, әулие – Абай бабам,
Алтын таңды аңсаған арайлаған.
Бүгін оны біледі бүкіл әлем,
Тұлғасы зор, нұр-шуақ тарайды одан.

Намыс бар қазағымның жастарында,
Абай бүгін олардың бас жағында.
Абай мәңгі қалады жұлдыз болып,
Қазақ түгіл әлемнің аспанында.

Ошақбай
СУХАНБЕРЛИН,
ардагер ұстаз.

Басқа материалдар

Back to top button