Ресми

Жинағыңызды іске жаратыңыз

Келесі жылдан бастап зейнетақы қорындағы жинағыңыздың бір бөлігін қажетіңізге жарата аласыз. Егер, жинақ сомасы «жеткіліктілік шегінен» асып тұрса. Бұл туралы Елордада өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ мәлімдеді.

Аталған жоба Президент Жолдауында көрсетілген тапсырмалар шеңберінде жүзеге асқалы тұр. Яғни, отандастарымыз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін үй алуға, емделуге немесе басқа да қаржы құрылымдарына басқаруға беруге пайдалана алады. Бұл тұрғыда бірнеше санаттағы азаматтар қамтылады.

Экономикалық белсенді, зейнетақы қорындағы жинақ сомасы «жеткіліктілік шегінен» асқан азаматтар қаржыға қол жеткізе алады. «Жеткіліктілік шегі» ерлер мен әйелдерге бірдей белгіленгенімен, жасына қарай әртүрлі деңгейде бекітілген. 20 жастан басталып, 59 жастан асқанға дейін әртүрлі мөлшер қарастырылған.

– Алдын ала есептеу бойынша, мысалы, 30 жастағы азамат үшін «жеткіліктілік шегі» 2 млн. 518 мың теңгені құрайды. Осы сомадан қалғанын олар жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге қалауы бойынша жұмсай алады. 35 жас үшін – 2 млн. 961 мың теңге, 40 жас үшін – 3 млн. 437 мың теңге, 45 жас үшін – 3 млн. 947 мың теңге, 50 жас үшін – 4 млн. 495 мың теңге, 55 жас үшін – 5 млн. 84 мың теңге, 59 және одан үлкен жас үшін 5 млн. 586 мың теңге қажет. Бұдан асқан соманы өз еркімен алуға құқылы. Осы «шекті» сомаларға қол жеткізу табысы елдегі орташа айлық жалақы деңгейінде болатын, тұрақты жұмыс істейтін азаматтар үшін қолжетімді, – деді министр. Демек, сіздің қордағы ақшаңыз «жеткіліктілік шегінен» асып, табысыңыз орташа айлық жалақы деңгейінде болса, «шекті» сомадан артылған қаржыны алуыңызға болады. Қазір бұл санатқа еліміз бойынша 529,7 мың адам еніп отыр.

Сондай-ақ, зейнеткерлер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарының жартысына дейін алуына мүмкіндігі бар. Бұл үшін жиынтық зейнетақының мөлшері бұрынғы еңбекақының 40 пайызын құрауы тиіс. Мұнда құқық қорғау органдары зейнеткерлері де ескерілген. Министрліктің есебінше, 178,4 мың адам осы санатта қамтылады.

Бұдан бөлек, зейнетақы аннуитетін рәсімдеген, бірақ, әлі де жинақтары бар қазақстандықтар қорда қалған қаржыға қол жеткізе алады. Аталған санатта 13,3 мың адам бар екен.

Министрдің айтуынша, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігіне 721 мыңнан астам қазақстандық ие болады. Сонымен қатар, министр мақсатты пайдалану үшін отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге болатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы министрліктің бұл жобасына қолдау білдірді. Жыл соңына дейін тиісті нормативтік-құқықтық актілер реттеліп, дайындық шаралары жүргізіледі. Ал, жыл басынан бастап жоба іске қосылады.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button