Облыс әкіміРесми

Бұл Жолдау басқалардан өзгерек…

Мемлекеттің бұқара үшін бір жыл мұғдарында қандай қам, нендей қарекет қылатыны ашық жарияланатын жалқы құжат – Президент Жолдауы. Сондықтан да, жұртшылық Жолдаудан жаңалық күтеді. Атқамінерлер міндет-жүктеме алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, әсіресе биылғы Жолдауының мәні, әдеттегіден де зор, салмағы күштірек. Өйткені, қазіргі дағдарыс кезеңінде алаңын сейілтетін, сенімін күшейтетін осындай бір маңызды мәлімдемені халық күткентін. Дер кезінде Мемлекет басшысының халыққа жол тартқан «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауы көптің күпті көңілін орнына түсіргені хақ. Ал, осы орайда аймақтағы жергілікті билік Жолдаудағы міндеттерді іске асыру үшін әлеуетін салмақтап, алқалы топта кеңесіп, келіскенін бұдан бұрын хабарлаған едік. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек өткізген сол талқылауда облыстың әл-ауқаты назарға ұсынылды. Мемлекет басшысы белгілеп берген межеден көрінудің әдіс-тәсілдері қарастырылды…

ЖАҢА ЖАҒДАЙДА ЭКОНОМИКА ҚАЛАЙ ДАМУЫ ТИІС?

Аузы дуалы қауым Президент Жолдауын дағдармай жол табуға бағыт һәм бағдар сілтеген стратегияға балап отыр. Әлем елдерінің өзі әлеуметі мен экономикасын шатқаяқтатып алмау үшін шақшадай басын шарадай қылған бүгінгі уақытта елдің қайда бет алуы тиістігі айтылған құжаттың, расында, тарихи бәсі – басым. Ал, осы жағдайда еліміздің өндірістік һәм индустриалдық тірегіне айналған Қарағанды облысының не ойлағаны бар?

– Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың алдында нақты – міндеттер қойды. Бүгінгі талқылаудың нәтижесінде Жолдауды жүзеге асыруға байланысты жоспар дайындалып, бекітіледі. Біздің бәсекелестік артықшылықтарымызды ескере отырып, аймақты аумақтық және кеңістіктік дамыту тәсілдерін қайта құру қажет. Облыс ғылыми және технологиялық әлеуетке ие. Жоғары технологияны, ғылымды қажетсінетін өндірістер мен техникалық қызмет көрсету орталығына айналуға барлық алғышарттар бар, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, мемлекетті басқарудың жаңа үлгісі бойынша Президент тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметкерлер санын азайту туралы шаралар қабылданатынын жеткізді. Атап айтқанда, 10 пайыз, келесі жылы 15 пайызға мемлекеттік қызметшілер саны кемиді. Сөйтіп, мемлекеттік қызметшілер биыл 359 -ға, келесі жылы 538-ге азаяды.

Экономикалық дамуда қабылданған тиісті шаралардың нәтижесінде Қарағанды аймағы ысырапқа ұшыраған жоқ. Жұмысшыларды жаппай қысқартуға жол берілмеді. Ал, қазіргі уақытта аймаққа экономикалық өсімді қамтамасыз ететін жаңа бағыт керек екені анық.

«Сол себепті бүгінде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өнімділігін арттырып, инновациялық экспортқа бағытталған жаңа жобаларды іздестіру қажет», – деді облыс әкімі.

ҚАРАҒАНДЫДА АВТОБУС ШЫҒАРЫЛЫП, ІТ-ХАБ ҚҰРЫЛАДЫ

Облыс әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, алдағы уақытта Қарағандыда шығарылған алғашқы автобус жолаушыларға қызмет көрсете бастайды. Жағымды жаңалықтар мұнымен тәмамдалмайды. Айталық, «Террикон жазығы» аталған ІТ-хаб іске қосылады.

ІТ нарығын, инжиниринг және басқа да жоғары технологиялық қызмет көрсетуді дамыту мақсатында ашылатын бұл жобаны мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы жүзеге асыру көзделуде. Осы жоба арқылы 2025 жылға қарай 3 мың адам ІТ мамандығына оқытылады. Сөйтіп, бұл саладағы қызметкерлердің саны 10 мыңға жетеді деген болжам бар. Хабтан өтетін 300-ге жуық компания сол арқылы табысын орта есеппен 30 пайызға көбейтуге мүмкіндік алады дейді мәліметтер. Ал, ең бастысы аталған Хабта отандық ІТ өнімдер дайындалады. Олар ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа да негізделмек.

Цифрлық теңсіздікті жою үшін соңғы үш жылда облыстың 54 елді мекеніндегі тұрғындар кең жолақты интернетке қосылды. Жылдың соңына дейін 85 елді мекен дербес кең жолақты интернетпен қамтылады. Яғни, аймақтың тағы да 50 мың тұрғыны әлемдік желіге қол жеткізеді, – деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.

Сандық технологиядағы тағы бір мақсат – мемлекеттік қызмет көрсетудің 90 пайызын онлайн форматқа көшіру. Бұған қоса, азаматтың жеке басын нақтылау үшін биометрикалық технологиялар параметрлері кеңінен қолданылатын болады. Орталықтанған деңгейде бірыңғай оператор құру мақсаты және бар. Ал, бұл дегеніміз, қағаз түріндегі 30 анықтаманы алмастырады. Бүгінде электронды форматта 143 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, ол 83 пайыз шамасында екен.

33 МЫҢ ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛАДЫ

Жолдауда баса мән берілген мәселенің бірі – азаматтардың тұрмысын жақсарту. Мұнда басты мәселе тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуы екені даусыз. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының дерегінше, аймақта жыл соңына дейін барлық мемлекеттік бағдарламалар аясында 33 мың жұмыс орны құрылмақшы. Бүгінгі таңда 22 мың жұмыс орны ашылған. Жалпы, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламаларының жоспары толық орындалады. Бұл туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова мәлімдеді. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына биылғы жылы 8, 6 миллиард теңге бөлінген. Мұнша қаржы арқылы бағдарлама 43 мың адамды қамтуды міндет тұтқан. Бұдан бөлек, 626 грант, 684 шағын несие берілген. Мыңдаған жұмыс орны субсидияланған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасында 626 жоба бар. Сол арқылы 16 мың жұмыс орны ашылады. Бұл бағдарлама облыстың 140 елді мекенін қамтып отыр.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ҚОРЖЫНДА 44 ЖОБА БАР

Аймақта 13 мың жұмыс орнын ашуға ықпалы бар 44 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Осы жылы 2 500 жұмыс орнын қамтамасыз ететін 203 миллиард теңгеге 12 жоба іске қосылады. Алқалы жиында баяндалған мәліметтерге сүйенсек, шағын және орта бизнесте биыл 1 700 кәсіпкер қолдауға ие болған.

Жолдауға сәйкес шағын және орта бизнесті де қолдау күшейтіледі. Тек осы жылдың өзінде 4 500 кәсіпкер қаржылық және қаржылық емес көмек алады. Барлық бағдарламалар бойынша 1 700 жоба қаржыландырылды. Дағдарысқа қарсы қабылданған шаралардың арқасында 30 мыңнан астам кәсіпкер салық, банк несиелері және жалдау ақысы бойынша мерзімін ұзартты.

Ал, кәсіпкерлікте 2025 жылға қарай инвестиция көлемін 1,4 триллион теңгеге дейін арттыру жоспарлануда. Биылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі есеге көп.

Басымдықтардың бірі өңдеуші өнеркәсіпті дамыту болып табылады. Бұл салада инновациялық және экспортқа бағытталған жобаларды іздестіру жанданады.

ЖОЛДАРДЫ ЖӨНДЕУ ЖАЛҒАСАДЫ

«Нұрлы жол» бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында облыста республикалық маңызы бар төрт бағытта инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, «Қызылорда-Жезқазған», «Жезқазған-Қарағанды», «Қарағанды-Қарқаралы», «Жезқазған-Арқалық» жобалары. Бұлардың жалпы ұзындығы – 1 150 шақырым. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 426,3 шақырым болатын «Қызылорда-Жезқазған» автожолын реконструкциялауға жобалық құжаттаманы дайындау аяқталған. Оның ішінде Қарағанды облысына тиісті жол бөлігі – 207,7 шақырым көрінеді. Жобаны іске асыру келесі жылға жоспарланған. Сонымен бірге, «ЖезқазғанҚарағанды», «Қарағанды-Қарқаралы», «Жезқазған-Арқалық» жолдарының құрылысын кезең-кезеңмен іске асыру келесі жылдары да жалғасады дейді құзырлы орындар.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button