Қадірлі жерлестер!
Құрметті тіл жанашырлары!
Баршаңызды Қазақстан халқының тілдері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекеттік тіл саясаты – бұл, ел егемендігінің, оның рухани және саяси тұрақтылығының басты тірегі. Тіл бүгінде қазақстандық бірегейлікті қалыптастырушы, Қазақстан халқының басын біріктіретін басты фактор ретінде қызмет атқаруда.
Үйлесімді тіл саясатының арқасында көптеген ұлт пен ұлысқа мекен болған Қарағанды облысында тілдерді насихаттау, олардың қолданылу аясын кеңейту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп отыр. Кейінгі жылдары жүзеге асырылып жатқан қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру шаралары қазақ тілінің төл әуезділігін қайтарып, Ұлы Дала елінің түркі әлемімен және жалпы дамыған елдермен байланысын арттырмақ. Бұл тарапта елге дұрыс бағыт-бағдар беретін ел ағалары, зиялы қауым өкілдері мен қарым-қабілеті мол кейінгі ұрпаққа артар үмітіміз үлкен. Патриоттық рухы мықты, білім көкжиегі кең, бірнеше тілді меңгерген жастар – жарқын келешегіміздің кепілі.
Биылғы тілдер мерекесі ұлы ойшыл, дана Абайдың 175 жылдық мерейтойымен орайлас келіп отыр. Өскелең ұрпаққа әлемдік деңгейдегі ғұламаның қалдырған мол мұрасының тигізер пайдасы зор. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, салған ізін жалғастыруымыз керек. Әр азаматтың жүрегінде тілге деген сүйіспеншілікпен қатар, сенім де нық қалыптасуы қажет! Барлығыңызды осы мақсат жолында бірге жұмыс жасауға шақырамын!
Құрметті тіл жанашырлары!
Өңіріміздегі тіл саясатын жүзеге асыруда, оның ішінде, қазақ тіліне қамқорлық жасау, оның қолданылу аясын кеңейту ісінде айрықша еңбек етіп жүрген Сіздерге зор алғысымды білдіргім келеді.
Мемлекеттік тілдің этносаралық беделі мен белсенділігін арттырудағы ортақ ісімізге сәттілік тілей отырып, баршаңызға баянды бақыт, береке-бірлік, отбастарыңызға амандық тілеймін.
Жеңіс ҚАСЫМБЕК,
Қарағанды облысының әкімі.
Серік ӨТЕШОВ,
Қарағанды облыстық
мәслихатының хатшысы.