ЖәдігерРуханият

Талбесіктің тарихы

Ғасырға жуық тарихы бар бұл этнографиялық жауһар жәдігерді «Ұлытау» қорық-музейінің қорына 2018 жылы наурызда Ұлытау ауданы Қарақұм ауылының тумасы Құлжанбай тапсырыпты. Атасы Қожахмет бөбек кезінде бөленген көрінеді. Талдан жасалған бесіктің соншама уақыттың тезіне төзіп, қалай жақсы сақталғанына қайран қаласың!

Ағайынды Қожахметовтер – қарапайым еңбекпен көсегесі көгерген, аймаққа сыйлы, өсіп-өнген әулет. Қожахмет қарияның текті тұқымның төрт босағасындай төрт ұлы: Әнихан, Тапай (азан шақырып қойған есімі Әли көрінеді, бұл – қалжасына қарап жеңгелері қойған лақап аты, бірақ соны білетін адам бүгінде санаулы шығар, өзім осы мақаланы жазуға дайындық кезінде білдім — авт.), Іскендір, Қонар ағаны көз көрді.

Бала-шағасымен тай-құлындай тебісіп, бірге өстік. Әнекеңде – 4 ұл, 2 қыз, Тәкеңде – 4 ұл, 4 қыз, Секеңде – 7 ұл, 2 қыз, Қоқаңда 2 ұл, 2 қыз бар еді. Қалдыбай, Мешітбаймен мектеп-интернатта бір бөлмеде жаттық. Мағауия, Қабенмен қатар жүрдік. Әлгі талбесікті музейге тапсырған Құлжанбай – белді фермер, тек шаруамен ғана шұғылданбай, небір игі істің ұйытқысы болып жүрген абыройлы азамат, ауылға барғанда алдымыздан аңқылдап шығатын ізетті іні.

Қазақ үшін бесік – қасиетті мүлік. Онда ұлттың дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным-сенімінің, дүниетанымының тамыры тоғысқан. Бесік жырын қазақ «Ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы» деп таниды. Ал, мына талбесікте Қожахмет қарияның баласын былай қойғанда, ондаған немере-шөбересі бөленгені анық.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button