АймақЖаңаарқа

Мемлекеттің басты заңы

Тарихқа үңілсек, алғашқы қазақ хандығы құрылғанда 19-баптан тұратын Негізгі заң қабылданған екен. Оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атаған. «Қасым ханның қасқа жолы» бір ғасырдай өз қызметін атқарған соң, тиісті толықтыру мен өзгеріс енгізіліп, Есім ханның тұсында (1598-1645 жж.) «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңдық жүйе өмірге келді. Аталған екі заң жүйесі еш өзгеріссіз ХVІІ ғасырдың аяғы немесе ХVІІІ ғасырдың басына дейін қазақ жұртының игілігіне қызмет етті. 1690 жылы Тәуке хан «Жеті жарғыны» қабылдады. Осыларды қазақ даласындағы алғашқы Ата Заң десек артық айтқандық емес.

«Жеті жарғыны» жасауға данагөй билер белсене атсалысыпты. «Қасқа жол» мен «Ескі жолды» толықтырып, елеулі өзгеріс енгізіп, дамытқан Тәуке хан бұрынғы бес тарауға тағы екеуін қосып, «Жеті жарғы» деп атады. Бұл жаңадан қосылған екі тарау: жер дауы туралы заң мен құн дауы туралы заң еді. «Жеті жарғыны» қазақ халқы негізінде ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданып келді. Ал кейбір нормалары Қазан төңкерісіне дейін қолданылып, қоғамдық қатынастарды реттеу қызметін тиімді атқарды.

КСРО құрамындағы Қазақстанның Конституциясы екі мәрте 1937 және 1978 жылы, ал Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Ата Заңы 1993 жылы 28 қаңтарда Жоғарғы Кеңестің ІХ сессиясында қабылданды. Ел егемендігін танытатын бұл Конституция мемлекетіміздің тәуелсіздігін ең жоғарғы заң тұрғысында саяси-құқықтық сипатта алғаш бекіткен құжат болды. Ал, 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 5 қыркүйекте күшіне енді. Ата Заң 9 тарау, 98 баптан тұрады. Ол барлық заң саласының негiзi болып табылады, ал оның нормалары басқа заңдар үшiн басты қағида болып есептеледi.

Қазақстан Республикасы Конституциясының кiрiспесiнде Ата Заңды қабылдаудың себептерi мен мақсаттары былай түсiндiрiлген: “Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы тарихи жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз”. Бұл — саяси және идеологиялық тұрғыдан алғанда аса маңызды.

Ғасырлар бойы қалыптасып, жетілдіріліп, дамытылып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» Қазақстан Республикасының Конституциясымен сабақтасып жатқандай. Елдің өркендеп дамуының басты құжаты саналатын Ата Заң мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, әр азаматтың жеке басы мен отбасы үшін де маңызды.

Ерболат Шубаев,

С.Сейфуллин атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button