Атпал азамат, асыл дос
Кім ойлаған тай құлындай тебісіп өскен, жалындаған жастық шағымызды бірге өткізіп, отбасылық деген үлкен өмірге бірге аттанған жолдасымыз Ерболатты да мына келген зұлмат ортамыздан алып кетіп, бүгінгі күні ол туралы өткен шақта жазарымызды…
Әубәкіров Ерболат Қанапияұлы 1950 жылы, 5 наурызда Киевка кентінде дүниеге келген. Әкесі Қанапия Әубәкірұлы Ұлы Отан соғысының ардагері, заңгер.
1972 жылы Отан алдындағы борышын атқарып келген өрімдей үш жас Айдар, Ерболат, Нұрабай аудандық комсомол ұйымының жолдамасымен құқық қорғау органдарына қызметке жіберіледі.
Ал, 1973 жылы Ерболат ауданға жолдамамен келген жас маман, ұстаз Сәуле Бекмағамбетоваға үйленіп, отбасын құрды. Дүниеге Гүлмира, Жеңіс атты сәбилері келді. Қоғамдық тәртіпті сақтаудағы еңбегі еленген Ерболатты сол уақыттағы ішкі істер бөлімі басшысы Д.Адамбековтың ұсынуымен 1976 жылы Волгоград жоғары тергеу мектебіне оқуға жіберілді. Бір орынға бес адам таласып тұрған оқу орнына ол сыннан сүрінбей өтіп, түсіп кетті. Оқуды ойдағыдай аяқтаған ол жоғары білімді заңгер болып елге оралды. Сол жерде өмірге Нұрлан келді. Одан соң тергеу бөлімінде көп жылдар жемісті қызмет істеді, кейін әділет басқармасына ауысып, адвокат қызметінде болды.
1996 жылы ҚР Президентінің жарлығымен Октябрь аудандық сотына судья болып тағайындалды. Сот саласында ұзақ жылдар адалдық пен әділеттікке қызмет еткен сардар судьяның әлі де қоғамға берері көп еді, зейнетке шыққаннан соң адвокатура саласында еңбек етіп жүрді. 70 жасқа толуына орай «Құрметті заңгер» төсбелгісімен марапатталды, оған дейін де құқық қорғау саласындағы қалтқысыз қызметі үшін бірнеше мәрте Алғыс хат, Құрмет Грамоталарымен де марапатталған еді.
Күнделікті өмірде ол сыйластықты дұрыс бағалайтын, достыққа берік, ашық-жарқын, ақкөңіл адам болды.
Жұбайы Сәуле бар өмірін жас ұрпақ тәрбиелеуге арнады, қазір зейнеткерлікте.
Екеуінің нұрлы Нұра жерінде көтерген шаңырақтары биік, ордалы отбасына айналған. Лайықты ұрпақ өсіріп, балаларына жоғары білім мен саналы тәрбие берді, ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан немере сүйіп отыр. Балалары: Гүлмира жоғары білімді бухгалтер, Жеңіс Түркиядан алған жоғары білімді кәсіпкер, ал Нұрлан болса ата жолын қуып, заңгер мамандығын алды. Қазіргі таңда Астана аласында адвокатура саласында қызмет етуде. Әділдік туын асқақ ұстаған заңгер, асыл әке, ардақты ата, адал жар болған Ерболаттың артында қалың елі Нұра, жұбайы Сәуле, балалары, немерелері қалды. Абзал азамат есімі, оның жарқын бейнесі елінің, туған-туыс, достарының есінде мәңгі сақталады.
Бикен АХМЕТОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.