Жаңалықтар

Әлеумет жайы әртарапты қаралды

Жолдау ұсынған он бір бағыт – мемлекет дамуының он бір тарабын қамтиды. Әр саланың тамырына қан жүгіріп, заманауи қарқын алғанда халықтың да әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейі жақсара бастайтыны белгілі. Бұл, әрине, жергілікті атқарушы биліктің жүйелі жұмысы мен белсенділігіне байланысты. Жолдауда көрсетілген басымдықтарды талқылаудан гөрі, жүзеге асыра бастау да кезек күттірмейтін іс. Осы орайда, Қарағанды қалалық әкімдігінде Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын талқылау актив жиналысы өтті.

Қала әкімінің орынбасары Сәбит Оспанов тізгіндеген актив жиынында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісінен бастап, экономиканы әртараптандыру, өңірлерді дамыту, азаматтардың әлеуметтік тұрмысы, сапалы білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, әділетті мемлекет қалыптастыру, цифрландыру, ұлттың жаңа болмысы сияқты мәселелер бойынша осы салалардың жергілікті өкілдері үн қатты. Қалалық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Бексұлтанов «біз мәслихат сессияларын әрқашан ашық өткізіп келеміз. Қала тұрғындары мәслихаттың тұрақты коммиссияларының жұмысына қатысады. Және 2018 жылдан бастап қалалық мәслихаттың сессиясы онлайн режимде жүретінін атап өткім келеді. Былтырғы наурыз айынан бастап біз басты құжат – бюджетті өзіміз ғана бекітіп қоймай, қоғам белсенділерінің пікірін тыңдап, мәселені мұқият шешіп отырдық. Өйткені, әр сала бойынша қаланың барлық тұрғындарының сұрақтарының шешімі басты құжат саналатын бюджетке байланысты. Абаттандыру болсын, әлеуметтік қорғау болсын – бәрі сонымен шешіледі. Сондықтан, біз қоғам белсенділерінің де пікірлерін ескеріп, ортақ шешім жасай білдік деген ойдамыз. Сонымен қатар, Президент азаматтық қоғам мен билік арасында алтын көпір болуы керектігін атап өтті. Осы ретте біраз жоспарымыз бар. Бүгінде біз медиацияны ақсатып алдық. Заң бар. Бізде мемлекеттік емес ұйымдар бар ғой. Солардың күшін неге қолданбасқа? Бұл орайда біздің өңірде дарынды, талантты жастар да, орта буын өкілдері де жетерлік. Солармен әріптестік құрып, саясатымызды бірге жүргізу мақсатында тиісті гранттар бөліп, жақсы жетістіктерге қол жеткізуге болады» деді қалалық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Бексұлтанұлы. Бүгінде қаламызда мемлекеттік бағдарламалар белсенді жүзеге асырылып жатқанын айтты активке қатысушылар. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы аясында алты жарым мың жұмыс орны ашылған. Оған жергілікті бюджеттен 26 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Білім, мәдениет мекемелері түгелдей жөнделген. Абаттандыру, тұрғын үй шаруашылығы және әлеуметтік-мәдени тұрмыс нысандарын салу және қайта жөндеу жұмыстары негізінде мыңнан аса жұмыс орны қарастырылыпты. Жолдаудың мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне басымдық беру бағыты бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Талант Медет сөйледі. «Мемлекет басшысы айтқандай, пандемия кезінде мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігінің қашықтан жұмыс істеу режимі мемлекеттік аппаратты қысқарту керектігін және оған толық мүмкіндік барын көрсетті. 2021 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметшілердің санын 25 пайызға қысқарту туралы шешімінің стратегиялық маңызын ерекше атап өткен жөн. Биыл 10 пайызға, келесі жылы 15 пайызға қысқартылатын болады. Облыс бойынша мемлекеттік қызметшілердің бос орындар саны шамамен 9 пайызды құрайды, қалалық әкімдік аппаратында да сол шамада. Сондықтан, биыл осы бос лауазымдық орындарды қысқартумен шектеледі деп пайымдап отырмын. Дегенмен, қысқарту механикалық түрде жүруі тиіс. Пандемия жағдайында денсаулық сақтау, әлеуметтік салалардың қызметін ескеруіміз керек» деді Талант Бақбергенұлы.

Бұдан кейін Жолдаудағы жекелеген бағыттар бойынша Қарағанды қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Айнұр Апақашева, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Абзал Рахымбаев, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов, қаланың коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Рүстем Қожақапанов, тағы басқа да лауазымды қызметкерлер сөйлеп, мәлімдемелер жасады.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button