Дәрі бағасын мониторингтік топ қадағалайды
Қазақстанда 8 мыңнан аса дәріхана болса, отандық өндіріс олардағы дәрі түрінің 13 пайызын ғана қамтамасыз етеді екен. Ал, қалған түрлері сырттан әкелінеді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн-брифингте мәлім етті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, нарықты дәрі-дәрмекпен жедел қамтамасыз ету үшін бір тәулікте дәрілік заттарды әкелуге бір реттік рұқсат беруге өтінімдер қаралуда екенін айтады Ералы Лұқпанұлы. Одан бөлек, дәрілерді сертификаттау және сертификат берудің жеделдетілген рәсімдері де қолданылуда.
Бағаны негізсіз көтерудің алдын-алу мақсатында аймақ әкімдіктермен бірлесе отырып, дәрілердің көтерме сауда қоймаларындағы дәрі қорының, дәріханалардағы дәрілердің бағасын қадағалайтын арнайы мониторингтік топтар жұмы жасайды.
Қызуды төмендететін, вирусқа қарсы препараттарды, антибиотиктерді тек дәрігердің нұсқауымен ғана қабылдау керектігін, өздігінен емделу қауіпті екенін естеріңізге саламыз.
– «Кемедегінің жаны бір». Бір бірімізді қолдап, нақты шешімі бар жолдармен ғана жүргеніміз дұрыс. Интернетте әр түрлі ақпараттар таралуын ескере отырып, Мемлекет басшысы осыған нүкте қою үшін нақты тапсырма берді, олардың барлығы қадағалауда болады, – деді Ералы Тоғжанов.
Салтанат ІЛИЯШ.