ЖаңалықтарРесми

Сабақ уақыты қысқарады

Биылғы 1 қыркүйектен бастап облыстың 312 мектебі қашықтықтан оқыту режимінде жұмыс істейді. Қалған 193 мектеп, оның ішінде, ауылдық және шағын жинақты мектеп оқушылары дәстүрлі үлгіде оқытуды жалғастырады. Бастауыш мектептің 3 623 оқушысы кезекші сыныптарға барады. Аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК өткізген аппарат жиынында облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА бекітілген тәртіп бойынша бір сыныпта 15 оқушыдан артық болмауы тиіс екенін айтты.

Кабинеттік жүйе болмайтындықтан, сабақ уақыты қысқарады. Мектептер үшін залалсыздандырғыш құралдар мен санитарлық талаптарды сақтауға қажетті жабдықтар сатып алынуда.

– Бүгінде өңір мектептерінде 35 544 компьютер бар. Алайда, қашықтан оқытуға барлығы жарамды емес. Осы уақытқа дейін облыстық және жергілікті бюджеттер есебінен 3 777 компьютер сатып алынды. Оқу жылы басталғанға дейін тағы да 5 034 компьютер алу жоспарда тұр. Сондай-ақ, 977 компьютер демеушілік қаражат есебінен сатып алынады. «Қазақмыс» корпорациясы – 927, ал шаруа қожалықтары 50 компьютер сатып әпереді. Қашықтықтан оқытудың қолайлылығын арттыру үшін компьютерлерді жаңарту жұмыстары ауқымды негізде жүргізілуде, – деді білім басқармасының басшысы.

Сатып алынған жабдықтар компьютерлері жоқ мұғалімдер мен мектеп оқушыларына уақытша пайдалануға беріледі. Тапсыру рәсімін 20 тамызға дейін аяқтау жоспарлануда.

Гүлсім Шабданқызының айтуынша, қашықтан оқыту үлгісіне өтуге байланысты өзекті мәселенің бірі – интернетпен қамтамасыз ету. Осы орайда облыстың 81 елді мекенінде мобильді ғаламтор жылдамдығы ұлғайтылады. Байланысты 2G үлгісінен 4G үлгісіне ауыстыру жоспарланған.

Қажетті кітаптардың 20%-ға жуығы өңірлердегі білім ошақтарына жіберілді.

Оқулықтарды сатып алу белсенді жүруде. Қазіргі таңда информатика пәні бойынша 5-6 сыныптар, 11-сынып оқушыларына арналған оқу құралдары дайын. Информатика, химия, физика және биология пәндерін үш тілде оқуға арналған кітаптар, түзету мектептерінің 3, 6 және 8-сынып оқушыларына арналған құралдар сатып алынды.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button