«Тайжан» десе, көз алдыңа көне сырнай келеді. Сырнай тартуды ол Көкшедегі нағашы жұртынан үйренген. Өнер өлкесінде домбырамен ауызданған, қобызды да құйқылжытқан. Ақынның туғанына 140 жыл толуына арналған «Өресі биік өнер иесі» атты экспозицияның ашылу салтанатында Тайжан тартқан домбыра мен қобызды немересі К.ҚАЛМАҒАНБЕТОВ Жезқазған тарихи-археологиялық музейіне тапсырған. Қос жауһар жәдігер ақындық, композиторлық әрі орындаушылық қабілет-қарымы қатар дарыған дарабоз Тайжан туралы азын-аулақ әңгіме қозғауға түрткі болды.
ӨНЕР ӨРІНДЕ
Тайжан – Арқаның ақтаңгер ақыны, қазақтың ән-жырдан өлмес мұра қалдырған саңлақ сал-серісінің бірі. Ұлытаудың Айыртау бөктеріндегі «Қаратал» қыстағында 1879 жылы дүниеге келген. Әкесі Қалмағамбет елге сыйлы, беделді, діни сауаты бар адам болған, ауылда бала оқытқан. Анасы Мейіз — Үкілі Ыбырайдың туған апасы.
Өнерге ынтық ол 14-15 жасында Көкшетау өңіріндегі сексен көлдің бірі — Саумалкөлдегі нағашы атасы Сандыбайдың аулына барады. Алыстан ат арылтып келген жиеннің құрметіне нағашы жұрты той жасайды. Оның бойынан ақындықтың белгісін байқаған Сандыбай сал-серілік құрып жүрген баласы Үкілі Ыбырайдың қасына қосады. Сөйтіп, сұлу Көкшені армансыз аралайды. Қызық қуып, жәй жүрмей нағашысынан Арқаға танымал бірнеше сал-серінің әнін үйренеді. Көкшеден сырнай тартуды меңгеріп қайтады.
Тайжан еліне қайтатынын айтып, рұқсат сұрағанда нағашы жұрты Сандыбайдың үйіне жиналады. «Ал, нағашы жұртыңды алғаш іздеп келгенің, ата салтында жиен құр қол қайтпайды. Нағашыларың алдыңа мал салмақшы, соны айдай кетесің» дейді, қоштасар кезде. Іштей нағашысы Үкілі Ыбырайдан бата тілеп отырған Тайжан: «Мыңғырған мал қалың Найманда да бар, мен нағашым Үкілі Ыбырайдан бата алуға келіп едім» деп, домбырасын қағып-қағып жіберіп, тілегін екі шумақ өлеңмен былай жеткізеді:
«– Халқым сүйіп қойыпты атым Тайжан,
Егіз туған атадан Арғын, Найман.
Аласы-бересім жоқ Қарауылда,
Бата тілеп келіп ем Ыбырайдан.
Алыстан іздеп келген нағашымсың,
Биікте қол артатын ағашымсың.
Берсең де дүние-мал мен алмаймын,
Бата бер, жиеніңнің бағы ашылсын».
Жиеннің жүйелі сөзіне, әрі суырып салма ақындығына риза болған Үкілі Ыбырай бата береді. Туған топырағына оралған Тайжан серілікті серік етеді. Тынысы ашылып, өнері айшықтана түседі. Арқаның адуынды, асқақ үнді ақыны құлашты кеңге сермеп, Тәшкент, Бұхара, Қарақалпақ, Ақмешітке сапар шегеді.
Тайжанның найзағайдай жарқылдап шыққан сәті – 1934 жылы Алматыда өткен көркемөнерпаздардың республикалық слеті. Өнерінің шарықтаған шағы — Мәскеуде өткен Қазақстанның алғашқы онкүндігі. Оған Үлкен театрдағы салтанаттың шымылдығын ашу бақыты бұйырды. Жыр алыбы Жамбыл бастаған бір топ ақиық ақынның арасынан таңдау Тайжанға түсті. Көптеген өлеңі орысшаға аударылып, «Правда» мен «Известияға» басылды.
ҚАУЕСЕТ ҚҰРБАНЫ
Тайжанның шығармашылығы дәуірлеген кезең ұзаққа созылмады. Зауалды 1937 жыл жетіп, қуғын-сүргін кезінде күні кеше ел мақтанышына айналған қазақтың «қаймағы» қынадай қырылды, бірінен соң бірі ұсталып, қамалып, атылып жатты. Қарсақбайда жүрген Тайжан да жазықсыз жаланың құрбаны болды. Қайран өнер тарланы қапаста жатып «Өтірік күйдім жалаға» атты соңғы өлеңін жазды.
Ол «халық жауы» атанып, атылып кеткеннен кейін ел арасында оның есімін еске алып, әнін айту былай тұрсын, ел-жұрт қолына домбыра, қобыз, сырнай ұстауға қорықты. Үрейлі кезең отыз жылға созылды. Сосын ғана Тайжанның аты ауызға алына бастады. Оның өмірі мен шығармашылығына соқпақ салған жезқазғандық өлкетанушы Сүтемген Бүкіров болды. Талмай ізденіп, ән-жыры мен өлеңін ғана емес, айтысын да тауып, 1984 жылы «Ой ағысы» атты шағын жинақ шығарды. Содан соң сең бұзылды. Арқаның арда ұлы, арынды ақынының екінші өмірінің жарқын беті басталды.
Ақын шығармасын жинап, жан-жақты саралап, зерттеуде қандауырмен талайдың дертін сылып тастаған танымал хирург Өмірбек Мұқанов көп еңбек сіңіргенін көз көрді. Ол — Тайжанның зайыбы Өлмесектің інісі Мұқанның баласы. Өмекең 2000 жылы ақын өмірбаяны мен шығармашылығының шырайын шығарып, кең қамтыған «Талайды таңдандырған Тайжан ақын» атты жинақ жариялады. Ал, ақынның туғанына 135 жыл толуына орай алғашқы жинаққа бірқатар тың туынды қосып «Дала дауылпазы ақын Тайжан» деген еңбегін ел игілігіне айналдырды.
Тайжан поэзиясын ғылыми негізде зерттеу басталды. Қазақтың көрнекті ақыны Кәкімбек Салықов 2004 жылы «Қазығұрт» баспасынан шыққан «Сақ-сақ күлсін сырнайым» жинағында Тайжан туындысын кеңінен қамтыды. Сол жылы «Үш Қиян» баспасынан өзінің «Ақын Тайжан» атты лирикалық поэмасы енгізілген «Ақын Тайжан» атты екінші жинағы жарық көрді.
Тайжан музыкасын түбегейлі зерттеп, ел арасынан ақынның ұмытыла бастаған әнін жинап, нотаға түсіру арқылы Тайжанның ән мектебін қалыптастырған — Жүсіпбек Елебековтің шәкірті, жезтаңдай әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин. Ол отыз жылдай ізденіп, ақынның ұмыт болған он бір әнін «Алтын кесе» жинағына енгізіп, нотасымен (нотаға түсірген Сапарғали Боранбаев пен Тілеуғазы Бейсенбек) үнтаспа шығарды.
Әлібек ӘБДІРАШ.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.