Жаңалықтар

Тәулігіне – жүз келі өнім

Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) барлық мекемелерінде «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорынымен бірлескен өндіріс орындары жұмыс істейді. Онда жазасын өтеушілер еңбек етіп, жалақы алады.

Биология факультетінің 3 курсында оқып жүрген кезінде шалыс басып, істі болған студент ҚАЖД АК-159/18 мекемесіне жазасын өтеуге жіберілген. Бұған дейін мекеме аумағындағы жылыжай өнімі тек колонияның қажетінен аспаған екен.

Колония әкімшілігі сотталушының жеке басының қабілетін зерделеп, білімі мен дағдыларын ескере отырып, жылыжайда жұмыс істеуді ұсынған. Осылайша, ол көкөніс өнімдерін өсіру саласындағы әлеуетін көрсетуге және талап арызында көрсетілген қарызын өтеуге мүмкіндік алады.

Жұмыстың мән-жайымен танысқан жас жігіт жылыжай ауданын зерттеп, өсірілген өнімді есептеп, өндірісті ұлғайтудың жолдарын қарастырады. Биология факультетінде оқып жүрген кезінде алған білімін іс жүзінде қолданып, өсірілетін көкөністен алынатын өнімді күніне 100 келіге дейін арттырады. Жалпы ауданы 373,9 шаршы метрлік жылыжайда жыл бойы қызанақ, баялы, көк шөп, қияр, басқа да көкөніс дақылдары өсіріледі. Ал, өнім сауда орындарына жеткізіледі.

– Қарағанды облысы климаттық ерекшеліктері бойынша ашық топырақта көкөніс дақылдарының, әсіресе, жылу, жарық және ылғалды жақсы көретін көкөністердің өсуіне аса қолайлы емес. Сондықтан, жылыжайда қияр өсіру – ақылдылық та, ептілік те емес, өте қажеттілік, – дейді жас жігіт.

Қазіргі таңда жазасын өтеуші басқа сотталғандармен қатар, өз қолымен түрлі көкөністерді өсіріп, басқалармен тәжірибе бөлісіп, диқаншылық дағдыларын шыңдап жүр. Мамандар ол өзінің білімі мен талабының арқасында қарызын өтеп, мерзімінен бұрын босауы мүмкін дейді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button