Жаңалықтар

1 сыныпқа қабылдау жалғасады

Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1-сыныпқа құжаттар қабылдау мерзімі 20 тамызға дейін ұзарды.

«Бірінші сыныпқа құжаттар қабылдау 1 тамызда аяқталуы тиіс болатын. Алайда, карантиннің ұзартылуына байланысты 20 тамызға дейін өтініш беруге болады. Бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының жазбаша өтінішіне сәйкес, білім беру ұйымдарында бірінші тоқсанда санитарлық шараларды қатаң сақтай отырып, кезекші сыныптардың жұмысы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, білім беру ұйымына құжат тапсыру кезінде медициналық анықтама ұсынбауға уақытша рұқсат берілді», – деп хабарлады Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау, мектептен мектепке, сыныптан сыныпқа ауыстыру қызметі EGOV.kz электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асады. Ата-аналар порталдың «Білім беру» бөлімінде «Орта білім беру» бөлімін таңдау арқылы кіріп, өтініш беріп, қажетті құжаттарды тіркейді. Құжат тапсыру мерзімі – 15 минут. Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны – электронды. Ата-ананың жеке кабинетіне баланы қабылдағаны немесе қабылданбау себебі туралы хабарлама келеді.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button