Коронавирус

Қатаң сақтық, қапысыз сабыр керек

Коронавирус инфекциясы белең алған кезде пневмония да қосарланып, жығылғанға жұдырық болғаны рас. Ауру COVID-19 анықталғаннан да, анықталмағаннан да шықты. Пневмония – өкпенің қабынуы. Оны қабындыратын бактерия, вирус сияқты жасуша ішіндегі паразиттер. Коронавирус – соның бірі.

Қоздырғыштар адамның айналасында бұрыннан бар және олар өздеріне жайлы адамның не жануарлардың ағзасына орналасады. Алайда, кей жағдайларда қоздырғыштар адам бейімделіп үлгермей жатып өзгеріп кетеді, сол кезде адамдар арасында жаңа мутант қоздырғыштар пайда болуы мүмкін. Мәселен, H1N1, SARS, TORS, COVID-19.

ЖРВИ қоздырғыштарына жататын коронавирус инфекциясының көздегені – өкпе. Онда вирус тыныс алу жолдарының эпителий жасушаларын құртады. Осы себептен пневмония пайда болады. Вирус бактерияларға әсер етіп, соның нәтижесінде де пневмония пайда болуы мүмкін. Яғни, пневмония бір немесе бірнеше қоздырғыштың әсерінен туындауы мүмкін. Бактериялық пневмония өкпенің екі жағына түсе алмайды, ал, вирус өкпенің әр жеріне түсе алғандықтан, екі жақты пневмонияны өршітуі мүмкін. Алайда, дәрігердің «екі жақты пневмония» дегені – өкпенің барлығын алып кетті деген сөз емес. Оның мөлшері аз болуы мүмкін. Бұл ретте дем алудың дұрыстығын тексерген жөн. Дененің қалыпты жағдайдағы тыныс алу қозғалысы 16-20 болуы керек. Науқаста қосымша аурулары болған жағдайда пневмонияның кез келген түрі қауіпті саналады. Бұл қауіп адамның иммунитетінің төмен болуымен байланысты. Сондықтан да, түрлі созылмалы аурулары бар адамдардың пневмококқа қарсы, тұмауға қарсы егілгені дұрыс.

Пневмонияның әр адамда әртүрлі болуы осы иммунитетіне тікелей байланысты. Аурудың басталуы, инкубациялық кезеңі, өту деңгейі қосымша ауруларының бар-жоқтығына, жасына, иммундық жүйенің қорғанысына байланысты болып келеді. Егер адамдарда айналадағы қоздырғыштарға қарсы иммунитет пайда болса, штамның әсері қатты болмайды немесе, тіпті, білінбейді. Ал, адам ағзасы қандайда бір штамға бұрын жолықпаған болса, байланысқан кезде оның әсері айтарлықтай өтеді. Кез келген инфекциялық ауру кезіндегідей пайда болуы әртүрлі пневмонияда ағзаның улануын болдырмау және қақырықтың жеңіл шығуы үшін сұйықтықты көп ішу керек. Ішетін тамақ та иммундық жүйеге күш түсірмейтін, керісінше, көтеретіндей болғаны дұрыс. Алғашқы кезекте майлар, көміртегі мен тұздың мөлшерін азайтып, С, В және А дәрумендері бар тағамдарды көбірек тұтыну қажет. Оны аз-аздан тәулігіне алты реттен кем емес реттілікпен ішкен дұрыс.

Пневмония жанға қатты батқанда да тауық немесе ет сорпасы, майлы емес балық түрлері, сүт тағамдары, көкөніс (қырыққабат, сәбіз, аскөк, картоп, пияз бен сарымсақ), жеміс-жидектер (алма, жүзім, қарбыз, алмұрт), мейіз бен өрік, қышқыл шырындар, итмұрын, қарақаттан жасалған шайлар, бал және құрамында каротині бар өнімдер (жұмыртқаның сарысы, тәтті бұрыш, аскөк, жасыл пияз, сары өрік, салат жапырақтары) пайдалану керек. Науқастың жағдайы жақсарған кезде майлы, ақуызды тағамдарды арттырып, сұйықтық көлемін азайтуға болады.

Сонымен қатар, тыныс алу жаттығуларына көп көңіл бөлу керек. Жаттығулар өкпе тіндеріне оттегінің баруына және тұрып қалған қақырықты шығаруға бірден-бір көмек болады.

Коронавирус инфекциянан қорықпау керек, айтылып жүрген сақтық шараларын қатаң сақтаса болады. Инфекцияның басты таралу әдісі ауатамшылы болғандықтан, көпшілік жерде бетперде тағып жүрген абзал.

Лязат ИБРАЕВА,

жоғары санатты пульмонолог дәрігер,

профессор.

Басқа материалдар

Back to top button