Вирус жоқ деп, опық жеп қалмаңыз — Ұлытау ауданы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы

Елімізде COVID-19 жұқтырған адамдар саны күн өткен сайын көбейіп келеді. Ендеше, вирус жоқ деп жүріп, опық жеп қалмаңыз, деп ескертеді Ұлытау ауданы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Эльмира Ершұманова.

Бүгінгі таңда дәрігерлер, қоғам белсенділері облыс тұрғындарын сақтық шарасын мейлінше қатаң ұстанып, көпшілік жиналатын жерлерге бармауға шақыруда. Қазір той мен садақа өткізу де аса қауіпті. Себебі коронавируспен қатар өкпенің қабыну дерті де дендеп барады.

Эльмира Ершұманованың айтуынша, экономикалық ахуал төмендеп, жағдай ушығып барады. Жаһанды жаулаған індет күн санап күрделеніп, адам өлімі көбеюде.

«Демек, ел басына күн туған сәтте «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» міндет. Республикамызда 5 шілдеден бастап 14 күнге жарияланып отырған карантин режімін қатаң сақтап, мамандардың кеңесіне, ескертпесіне құлақ асып, жақындарымызға жанашыр болайық».

ҚазАқпарат.