Жаңалықтар

Жаңашыл ұстаз – ел келбеті

Шет ауданында «Жаңашыл мұғалім – 2020» байқауы өтті. Байқауды ұйымдастырудағы мақсат өскелең ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беріп жүрген мұғалімдердің біліктілігін шыңдап, тәжірибе алмасу болды.

Сабақ беру үдерісі қашықтықтан оқыту тәсіліне көшкен қазіргі жаһандану заманында білім беру әдісінің өзгеріске ұшырауы – уақыт талабы. Бұл үдерістен еліміз тыс қалған жоқ. Бұл тұрғыда ұстаздар қауымына міндеттелетін жауапкершілік пен талап жоғары. Осы ретте Дария орта мектебі ұжымының ұйымдастыруымен жан-жақты, талантты, білімді педагогты анықтаған байқауға 10 ұстаз қатысып, өз білімдері мен біліктіліктерін сарапқа салды. Сайыстың бірінші кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырып, көшбасшылық қасиеттерін, кәсіби біліктіліктерін, шығармашылық шеберліктері мен белсенділіктерін әр қырынан жан-жақты көрсете білді. «Менің педагогикалық қызметім» атты кезеңде сайыскерлер кәсіби шеберліктерін (ашық сабақ, панорамалық сабақ элементтері, видеотүсірілім арқылы) көрсетіп, мамандықтарын мейлінше қорғады.

Ал, үшінші кезеңде педагогтар тапқырлық, іскерлік қырларын паш етті. Жарыстың соңғы кезеңінде мұғалім портфолиосы электронды түрде көрсетілді. Байқау барысында сайысқа жан-жақты дайындықпен келген бастауыш сынып мұғалімі З.Смағұлова бас жүлдені жеңіп алды. I орынды тарих пәнінің мұғалімі Г.Сыздықбекова иеленді. II орынды география пәнінің мұғалімі Л.Мусина, III орынды ағылшын және биология пәнінің мұғалімдері Ф.Даткина мен Б.Нұркеева еншіледі. Қалған қатысушылар «Тапқыр ұстаз», «Зерделі ұстаз», «Шебер ұстаз», «Өнерлі ұстаз», «Көрермендер көзайымы» аталымдары бойынша марапатталды.

А.БАТЫРБЕКОВА,

Дария орта мектебінің мұғалімі.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button