Балқаш

«…Сауып ішсең, мың күндік»

Балқаштық кәсіпкерлер мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды айқын сезінуде. Солардың бірі – көпбалалы ана Толғанай ЖАЙСАНОВА. Кәсіпкер халықты жаппай кәсіпкерлікке тарту және жұмыспен қамту бойынша ең тиімді бағдарламалардың қатарындағы «Еңбек» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз грантқа ие болып, зааненскілік және альпілік тұқымды ешкілер сатып алған. Бүгінде қала тұрғыны ешкі сауып, сүтін сатып, жұрт аса мән бере қоймайтын кәсіпті дөңгелетіп отыр.

 

«Ешкі сауып, еселеп пайда табуға болады» десе, ешкім сене қоймас. Дей тұрғанмен, бұл – шындық. Ешкі сүтіне сұраныстың жоғары екенін есепке алған кәсіп иесі Толғанай асыл тұқымды ешкі санын көбейтуге ниетті. Шаруашылығын кеңейту мақсатында өз қаражатына бірнеше асыл тұқымды ешкі сатып алып, сүтті ешкі өсіруге шындап кіріскен.

– Негізгі мамандығымның мал шаруашылығына қатысы жоқ. Бірақ, атаанам – мал баққан адамдар. Сондықтан, малдың бабын жақсы білемін. Осыдан көп жыл бұрын «қоян өсірсем» деген арманым болған. Кейінгі жылдары «ешкі өсірсем» деген үмітім оянды. Былтыр қалада өз кәсібін ашамын деген жұмыссыздарға қайтарымсыз грант беріп жатқанын естіп, жұмыспен қамту орталығына бардым. Кәсіпкерлік негізге үйрететін «Бастау-Бизнес» бағыты бойынша оқып, жобамды сәтті қорғап, 505 мың теңге мөлшеріндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Сөйтіп, өзімнің көптен бері ойымда жүрген ешкі өсіру ісіне кірістім. Зааненскілік және альпілік тұқымды 4 ешкінің әрқайсысын 120 мың теңгеден сатып алдым. Бұл ешкі басқа ешкіден үш есе қымбат тұрады. Ешкілерім қыста лақтады. Қазір күніне екі мезгіл сауып отырмыз. Күніне бір ешкі 2,5 литр сүт береді, – дейді кәсіпкер.

Асыл тұқымды ешкілер сүттілігімен ерекшеленеді. Оның үстіне денсаулық сақтау саласы мамандары адам ағзасына ешкі сүтінің пайдасын жиірек айтып жатқандықтан, сүтке сұраныс артып келеді. Кәсіпкер қазір сүттің бір литрін 800 теңгеге сатып отыр. Түбітін де кәдеге жаратуда. Алдағы уақытта ешкінің санын көбейтіп, йогурт, ірімшік, тағы басқа сүт өнімдерін дайындауды жоспарлап жүр. Бұл бағытта ізденіс жұмыстарын қолға алған. Қазір қолында он алты Сексек ата тұқымы бар.

Толғанай Жайсанова кәсібін бастау үшін көпқабатты үйін жеке үйге айырбастаған. Қалалық жер болғандықтан жайылым мәселесі қиынға соғып отыр. Ешкілерді еріксіз қорада күтіп келеді.

Айта кетейік, ешкінің сүті көптеген ауруға ем. Ғалымдар анемия, тағамдық аллергия, туберкулез, асқазан, ішек-қарын жолдарының аурулары, диабет және диатезді емдеуде, ағзаның қорғаныс қызметін арттыруда, ағзадан ауыр металдардың тұздары мен радионуклидтерін шығаруда және көздің көру қабілетін жақсартуда ешкі сүті пайдалы екенін айтуда. Бұдан бөлек, сиыр сүтіне қарағанда ешкі сүті құнарлы келетінін анықтаған. Алты айдан асқан балалар үшін қосымша қорек ретінде пайдалануға болады.

Қалай десек те ешкі өсірсек, ұтылмасымыз анық. «Ешкі – сойып жесең, бір күндік, сауып ішсең, мың күндік» дейді дана халқымыз. Сондықтан, ешкі өсіріп, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған Толғанай Жайсанова сынды кәсіпкерлер қатары келешекте көбейе түссе, нұр үстіне нұр.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button