Түркі өркениетінің өзегі
Қазақ Елінің Мемлекеттік Туы – Рух, Елтаңбасы – Болмыс, Әнұраны – Үн. Бөрілі байрақ жығылғанша бүтін дүниені биледік. Қанатты пыраққа қонғанда кеңістікте қалықтап, қасиетіміз бен киемізді сақтадық. Тіліміз үстем тұрғанда, күйімізге күмбір тұнғанда ақылымыз аман, санамыз азат болмақ. Сондықтан, елдіктің үш символы ұлттың үмітін мәңгі жарқыратады.
Ту. Жерден көкке ұмсынсаң да, ғарыштан жерге үңілсең де көкті көресің. Аспан – көк. Жер-Ана – көк. Тіршілік – көк. Көк түстің қасиетін бабалар санаға ертеден түйген. Күн – жан. Күннің көзі өшсе, жанардың жарқылы сөнеді. Қыран – құдірет. Қыран – ар тазалығының алдаспаны. Қырағы көз шырқау биіктен шолса да, шың басына қонса да, жанарының шарасына сайын даланы сиғызады.
Елтаңба. Киіз үй – көшпендінің жердегі мекені. Шаңырақ – қарашық. Кереге – жанар. Түндік – назар. Түндік түрілгенде, адам ғарышқа үңілді. Уықтай бірлескен, басқұрмен жымдасқан түркінің алтын бесігі – Отан. Қанатты тұлпар – қазақтың арман қуаты. Оған кентаврдай бейне беріп, дүниені дүрліктірген кие.
Әнұран. Сөз бен саздың туындысы. Азаттық қыранының саңқылы. Қазанаттың күмбірі. Өткеннің үні. Азаттықтың дауысы. Келешектің жыры. Ел мен жердің салтанаты. Қазақтың бай тілі мен күмбірлеген күйінен жаралған – жұрт руханиятының алтын діңгегі.
Қазақстан Республикасының рәміздері – Алаштың жүрегіндегі жауһар. Ол От-Ана қайнатқан тіршілік қазанының үш бұты іспетті. Жаһанды билеген еуроцентристік қоғам «флаг, герб, гимн» деп таныған асылдар – мыңдаған жылдар бұрынғы көне түркі өркениетінің өзегінен өркендеген қасиет. Оның астарына ой түйінін он мың жылдан тарқатсақ қана бойлаймыз.
Асқар Алтай мен қос өзеннің бойында 10 мың жыл бұрын өркениет қалыптасты. Бұлар – бір бұтақтан тараған түркілер мен шумерлер. Екеуінің де айбыны асқақ еді. Бұл замандағы көп жұрт ол дәуірде тас пен тері жамылған тобыр ғана еді. Сол қос құдіретті халықтың түбі – бағзы түркі. Түркілер бөрілі байрақ көтерсе, шумерлер арыстанның бейнесін айшықтады. Екеуі де әуекке бағынып, интелектіге иелік еткен жыртқыштың болмысын бойына сіңірді. Бұлардың алтын мүйізді арғымағын жат жұрттар «аңыз-единорогқа» айналдырды.
Түркілер мен шумерлердің сына жазуларының сыры ашылғанда, өздерін үстем санағандардың өзегіне шоқ түсті. Өйткені, бір енені тел емген егіз елдерден рухани бүтіндік байқалды. Қазіргі қазақ руларының да таңбалары осыдан бастау алған. Қос мәдениеттің де Құдайы – Тәңірі. Тегі түркілер төрт құрлыққа мәдениет апарса, семмитермен сіңіскен шумерліктер жаһанды жалғыз Жаратқанмен табыстырған. Түр сипаты табиғатына қарай дараланған қос жұрттың түптұқияны тұтас еді. Олардың астрономиясы, ғылымы, технологиясы, медицинасы талайды тамсандырды. Сондықтан, бағзы түркілерге құбылыс деп қараған дұрыс. Қазақ тамырын да, жадын да осыдан алады.
Қазақстанның рәміздері Ата Заң және айбарлы әскермен қорғалатын құндылық Ту, Елтаңба мен Әнұранда ұлттың арман-мұраты көрініс тапқан. Ендеше, ұрпаққа ұлттың ұясы мен ұраны, тілі мен тарихы – аманат!
Құрманғазы ӨТЕБАЙ.