Кемел жетістіктер кепілі
Жер-жаһанды жайлап, әлем экономикасының дамуын тығырыққа тіреп қана қоймай, адамзаттың өміріне зор қауіп төндірген коронавирус індеті біздің елімізге де жеңіл соқпағаны белгілі. Қатерлі инфекция ел тұрғындарын карантин тәртібіне мойынсұнуға, шаруашылық мекемелерін уақытша жабуға, кәсіпкерлік нысандарының жұмысын тоқтата тұруға мәжбүр етті. Мемлекет алдында ең алдымен, тұрғындар денсаулығын қорғау, індеттің жаппай таралуына жол бермеу және дертке шалдыққандарды әлемдік озық емдеу тәжірибелеріне сүйене отырып, сырқаттан айықтыру міндеті тұрды.
Коронавирус дерті ел аумағында алғаш білінген сәттен бастап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен төтенше жағдай жарияланып, Үкіметке індетпен күрес жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде тапсырма берілді. Ел Үкіметі мен жергілікті әкімдіктердің, медицина саласы мамандарының, қоғамдық тәртіп сақшылары мен әскери қызметшілердің шұғыл атқарған шаралары және оны жүзеге асыру жолындағы ерен еңбегінің нәтижесінде республика көлемінде індеттің жаппай таралуына жол берілмеді. Төтенше жағдай жарияланғаннан бастап, мемлекеттің халыққа, кәсіпкерлік саласына көрсеткен нақты қолдауы мен көрсеткен көмегі баршаға аян.
Коронавирус індетінің өршуіне жол бермеуге, емдеу-сауықтыру шараларын тиянақты жүргізуге қатысты облыс аумағында аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің тікелей ұйытқы болуымен толағай жұмыстар атқарылды. Күрделі жағдай үстемдік құрған кездің өзінде машина жасау, металлургия, өңдеу өнеркәсібі мен жеңіл өнеркәсіптің, фармацевтика, тұрғын үй құрылысы, жол құрылысы мен денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларының жұмысында керітартпалық пен іркілістерге жол берілмеді. Халықты жұмыспен қамтуға, нарық сұранысына сай мамандар даярлауға, ауыл шаруашылығын дамыту ісіне айрықша көңіл бөлініп, табысты нәтижелерге қол жеткізілді.
Ауыл шаруашылығын онан әрі өркендету үшін ауыл шаруашылығымен шұғылданатын кәсіпкерлерге қомақты субсидия беріліп, көктемгі егін себу науқанында диқандар қауымы қажетті тұқыммен, бағасы арзандатылған жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілді. Егіс алқаптарының аумағы айтарлықтай ұлғайтылды.
Сонымен қатар, облыста тұрғын үй құрылысының көлемі бірнеше есе ұлғайып, Vutond автобусын жасау заводын салу ісі қолға алынды. Жеңіл және өңдеуші өнеркәсіп орындары қарқынды даму үстінде.
Сәуір айында Қарағанды қаласында COVID-19 сырқатын анықтайтын вирусологиялық зертхана ашылды және 20 мың емдеушіні қамти алатын жаңа емхана салынды. Тұрғындардың коммуналдық қызмет төлемақысы 5 пайызға қысқартылды. Атқарылған игілікті іс-шаралар облыс жұртшылығының жарқын өмірге деген сенімін нығайта түскені күмәнсіз.
Қай тұрғыдан алып қарастырсақ та, әр деңгейдегі атқарушы билік құрылымдары мен аймақ тұрғындарының бір мүдде бағытында бірлесе еңбек етуі – келер күндердің кемел жетістіктерінің кепілі. Ел аумағындағы төтенше жағдай кезінде біз осыған тағы бір мәрте көз жеткіздік. «Бірлік – береке бастауы» деген халық даналығының осылайша айғақтала беруі – уақыт талабы.
Ғазым ЖАРЫЛҒАПОВ,
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты.