Ресми

Еңбекке – құрмет

Конституция күні қарсаңында Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВТІҢ қатысуымен мерекелік жиын өтті. Іс-шара барысында Президент Жарлығымен Қарағанды қаласынан марапатталған 36 адамға «Қазақстан Конституциясына – 25 жыл» мерекелік төсбелгі тапсырылды. Сондай-ақ, мәслихат шешімімен екі жерлесіміз «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» атағына ие болды.

Жиынға конституциялық кеңес өкілі, қалалық мәслихат хатшысы, депутаттар мен қаланың қоғамдық кеңес өкілдері қатысты. Айта кетелік, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Абай халықаралық жүлдесінің лауреаты Серік Ақсұңқарұлы мен Қазақстанның еңбегі сіңген мұғалімі, профессор, ақпараттандыру бойынша Халықаралық академия академигі, Қазақстан ұлттық жаратылыстану академиясының академигі Арыстан Ғазалиевке «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» атанды. Қарағанды қаласының мәслихат хатшысы – Құдайберген Бексұлтан, Мемлекеттік қызмет ардагері Сұлушаш Искакова, «Атамекен Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директоры Нұрлан Исаков пен SEDA жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры Солсбек Сүлейманов мерекелік медаль тақты.

– Бүгін ел тарихындағы ең маңызды күннің қарсаңында сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, жасампаз жаңа кезеңге қадам басты. Тәуелсіз Қазақстанның тірегіне айналған Конституция еліміздің дамуының қайнар бастауы болды. Әрбір қазақстандық үшін баянды ісіміздің бастауы болған Конституцияны ардақтау зор абырой әрі міндет, – деді Нұрлан Ерікбайұлы.

25 жылға ел іргесі бекіп, өзге мемлекетпен терезесі теңесті. Тиімді құқықтық жүйенің арқасында экономикалық өсу мен қоғамдық белгілі бір дәрежеге қол жеткіздік. Осы отырыс барысында конституциялық реформаны одан әрі дамыту жөніндегі мәселелері төңірегінде тұщымды пікір айтылды.

– 25 жас – ер жігіттің жасы. Ата Заңымызды көкірекке басып, болашаққа бет алып келеміз. Заңда «Адамзатты – қоғамның басты байлығы» дейді. Ақынын сыйлаған елге – құрметім шексіз! – деді ақын Серік Ақсұңқарұлы.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button