Облыс әкіміРесми

Тұрғындарға тарту

Былтыр 18 қарашада облыс әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы мен ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Ондағы мақсат – облыстағы көпқабатты тұрғын үйлердің лифтін жаңарту және қайтарымды негізде қаржыландыру еді. Жоба аясында облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ тапсырмасына орай 50 лифт орнатылып, оның 46-сы қолданысқа берілді.

Былтыр желтоқсанда өңірдегі көпқабатты тұрғын үйлердің лифт шаруашылығын жаңарту қолға алынды. 2020 жылы кемі 100 лифт орнату көздеді. Аталмыш жобаны іске асыру мақсатында облыстық тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы мен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» арасында несие шарты жасалды. Онда лифт жабдықтарын ауыстыру үшін 6%-бен 8 жыл мерзімге 12 миллион теңге несие бөлу мәселесі қарастырылды.

– Меморандумға қол қойғаннан кейін биыл қаңтарда іске кірістік. Орнатылып жатқан лифт – Белоруссияда шығарылған. Қауіпсіздік жағынан барлық стандартқа сай. Екі жылға кепілдік беріледі. Келісім-шартта көрсетілгендей, барлық лифтіні биыл орнатуды жоспарлап отырмыз. Бізде тағы «Могилев лифт машина жасау зауытымен» 5 лифт жіберу туралы қосымша келісім бар, – деді облыстық тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының басшысы Данияр Дүйсенбаев.

Қарағандыдағы Н.Әбдіров 37/2 көпқабатты үйдегі лифтте жөндеу жұмысы толық аяқталмағандықтан, әлі қосылмаған. 400 келіге дейінгі көтеру күші бар жаңа құрылғы секундына 0,63 метр жылдамдықпен қозғалады. Тұрғындар лифт үшін келісім-шартта көрсетілген белгілі уақытқа дейін айына 4500 теңге (үй басына шаққанда) төлеп тұрады. Ал, бұдан бөлек лифт қызметі үшін айына төленетін 16 мың теңгені кіреберіс тұрғындары жеке пәтерге шағып бөліп төлейтін көрінеді.

Бүгінде 12 нысанға арналған құжат толық дайын. Атап өтсек, Қарағандыда – 8, Теміртауда – 2 және Балқашта 2 нысандағы лифтіні жаңартпақ. Ал, бұл үйлердің лифті жарты жылдан астам уақыт жұмыс істемеген.

– Қарағанды, Теміртау қаласында компания іске қосқан 20 лифт бойынша бүгінге дейін ешқандай шағым түспеді. Біз бұл жұмыспен 10 жылдан астам уақыт айналысып келеміз. Егер құрылғылар істен шығып қалса, орнына салатын қосалқы бөлшектері дайын, – дейді «Қарағандылифт» ЖШС директоры Салауат Кинзибаев.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Суретті түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button