Облыс әкіміРесми

Күн тәртібінде – мезгіл мәселелері

Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен онлайн режимде өткен аппарат жиынында алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері және орақ науқанының аяқ алысы талқыға түсті.

Биыл облыста жылыту маусымына дайындыққа бөлінген шығындар ұлғайды. Бұл бағытта жүргізілген жұмыстар жабдықтардың сенімділігін арттыруға және тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.

Жылу көздеріндегі және желілердегі жөндеу науқаны туралы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов баяндады.

– Жылыту маусымына дайындық шеңберінде барлық көздерден 51,5 миллиард теңге сомасында қаражат қарастырылды. Бұл 2019 жылға қарағанда шамамен 8 миллиард теңгеге артық. Оның ішінде, инвестициялар 37 миллиард теңге құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 2 миллиард теңгеге артық. Облыстың 8 электр станциясында 43 қазандық пен 6 турбинаны жөндеуге 16,9 миллиард теңге бөлінді, – деді басқарма басшысы.

Қарағанды және Жезқазғанда жылу желілерін қайта құрылымдау жүргізілуде. Қалалар мен аудандарда инженерлік коммуникациялар жөнделді. Электр желілерін және қосалқы станцияларды жаңғырту бойынша бірқатар жобалар іске асырылуда. Жергілікті жылу көздерін жөндеуге және салуға қаражат бөлінді. Басқарма басшысының ақпараты бойынша, қазіргі уақытта жылу электр станцияларында 16 қазандық және 8 турбина жөнделді. Жылыту маусымына дайындық бойынша жұмыстар жалғасуда.

Әлеуметтік мәдени-тұрмыс нысандарының, тұрғын үй және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының дайындығы 85%-ды еңсерді. Бюджеттік ұйымдар қыркүйектің ортасында көмірмен толық қамтамасыз етіледі.

Тұрмыстық отын сату жұмыстары 36 нүктеде жүргізіледі. Облыс әкімі отын бағасы қолжетімді болуы тиістігін атап өтті. Сондай-ақ, қысқа дайындық барысын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды. Жылыту маусымының ойдағыдай өтуіне жергілікті әкімдер жауапты екендігін ескертті.

♦ ♦ ♦

Орақ науқаны жоспар бойынша жүріп жатыр. Ауа райы да оң қабақ танытуда. Астықтың орташа түсімі гектарына 10 центнерді құрайды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов қырдағы жұмыстан есеп берді.

– 1 қыркүйекке 212 мың гектардағы дәнді дақыл орылып, басылды. Бұл – барлық алқаптың 23,7%-ы. Бидай 117 мың гектардан жиналды (17%). Орташа өнімділігі – 10,1 ц/га, – деп баяндады.

Картоп алқабының 1500 гектарынан өнім жиналды (15%). Орташа өнімділік, гектарынан, шамамен, 190 центнерді құрайды. Көкөніс те жиналып жатыр.

Науқанға 2345 астық комбайн, 60 картоп жинаушы комбайн іске тартылды. Диқандар арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілді.

Басқарма басшысының айтуынша, орақ науқаны жоспарланған мерзімде аяқталуы тиіс.

Облыс әкімі күзгі жиын-терім барысы ерекше бақылауда табылатынын атап өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button