Жаңалықтар

Әскери қызметші Қарағанды – Жаңаарқа бағыты бойынша ультрамарафон жүгіреді

Әскери полицияның әскери қызметшісі – аға лейтенант Заңғар Әлкенов Қазақстанда алғаш рет Қарағанды – Жаңаарқа бағыты бойынша ультрамарафонды жүзеге асырады. Ол 48 сағатта 200 шақырымды бағындыруды жоспарлап отыр.

Әскери қызметші Заңғар Әлкенов марафонды 2 қыркүйек сағат 7.00-де әскери полиция бөлімінің бақылау-өткізу пунктінен бастады. Жоспар бойынша оны 4 қыркүйекте туған өлкесі Жаңаарқа ауданында аяқтайды.

Офицер марафон жүгірісін Қарағанды гарнизонындағы әскери полиция бөлімінің құрылғанына 23 жыл толуына арнайды.

Заңғар Әлкенов қазақ күресінен ҚР спорт шебері және дзюдо мен самбодан спорт шеберіне үміткер. Бұған дейін ол еліміздің құрама командасында болған. Бірақ алған жарақаты мен жүргізілген операциядан кейін  күрестегі кәсіби мансабын аяқтап, бесінші жыл қатарынан Армия орталық спорт клубының спортшыларын жаттықтыруда. Бірнеше жылдан бері көп шақырымдық марафондарға қатысып келеді, оның ең ұзын қашықтығы 130 шақырымды құраған.

– 200 шақырымдық марафон менің мүмкіндіктерімнің беріктігін тексереді, – дейді әскери қызметші.

Жүгіріс навигациялық платформамен бақыланып тұрады. Онлайн режимінде ультрамарафондағы жүгірушінің бағыты мен уақытын бақылауға болады.

ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша.

Басқа материалдар

Back to top button