Жаңалықтар

Қарағанды облысында мал жаюға арналған жайылымдар қалпына келтірілуде

Қарағанды облысында құрғап қалған дала алқаптары қайтадан мал жаюға жарамды болады. Өңірде облыстық бюджет қаражатына тозған жайылымдарды қалпына келтіру бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Елді мекендерге жақын орналасқан жерлерге көпжылдық шөптер егілді. Жақында жасыл массив қайта қалпына келетін болады.

– Қарағанды облысы елімізде бірінші болып осындай пилоттық жобаны іске асыруда. Бұл өте қажет, себебі ауыл малына арналған жайылымдар мәселесі өткір болып тұр. Алқаптарды қалпына келтіру жұмыстары көптеген жылдар бойы мал таптап, табиғи жаңару қабілетін жоғалтқан жерлерде жүзеге асырылады. Бұқар Жырау ауданында, Жаңаталап, Тегісжол және Ростовка ауылдық округтерінде тозған және өнімділігі төмен жайылымдарды қалпына келтіру басталды. Еркекшөп және эспарцет секілді көпжылдық шөптер егілді. Жыл соңына дейін осындай жұмыстарды Нұра ауданында жүргізу жоспарланып отыр, – деді Ауыл шаруашылығы басқармасының агрономы Алпысбай Рахымжанов.

Әр ауданда жобамен 1 000 га алаң қамтылған.

Маманның айтуынша, алдағы екі жылда оң нәтиже күтілуде. Шөптердің күшейіп, көтерілуіне уақыт қажет. Содан кейін жаңартылған жайылымдарға мал шығаруға болады.

Облыста барлық ауыл шаруашылығы жануарларының 40%-ы жеке аулаларда шоғырланған. Жобаны жүзеге асыру мал жаю мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Жеке шаруашылықтарды қолдау және тұрақты жемшөп базасын құру, сайып келгенде, мал шаруашылығының экологиялық таза және арзан өнімдерін өндіруді ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Аудан әкімдіктерінің мәліметінше, облыс бойынша елді мекендер маңындағы 1,5 млн га жайылымдық жер мал жаюға жарамсыз. Жерді жақсарту жұмыстары жалғасады.

Басқа материалдар

Back to top button