Жыр жарысы мәреге жетті
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС қолдауымен Жезқазған қаласындағы «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі «Ұлытауым – Ұлы Дала киесі» деген тақырыпта жазба ақындардың республикалық мүшәйрасын жариялаған еді. Қоғамдық бірлестік ұйымдастырған мүшәйраның мақсаты – Ұлық Ұлыс мекені болған Ұлы Дала мен Ұлытаудың тарихи маңызын насихаттау, ел ішіндегі бірлік, татулық, тұтастық мәселелерін шешудегі «Төрт босаға» жүйесінің (бағаналы жұртында қалыптасқан) тарихи мәнін ашу және Кәдір би, Шегір би, Бабыр Бөкеншіұлы, Сандыбай Төлекұлы, Ерден Сандыбайұлы сынды тұлғаларды өлеңмен өрнектеу болатын.
«Ұлытауым – Ұлы Дала киесі» мүшәйрасы өтетіні туралы хабар бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы қалың жұртшылыққа құлағдар етілді. Маусым айында жарияланған жыр жарысы 1 тамызда аяқталуға тиіс болатын. Бірақ, еліміздегі қазіргі қалыптасып отырған карантин жағдайына байланысты ақындарға мүмкіндік беру мақсатымен мүшәйраның аяқталу мерзімі 1 тамыздан 10 тамызға дейін ұзартылды.
Республикалық жыр жарысының дүбірі еліміздің түпкір-түпкіріне ғана жетіп қойған жоқ, Қазақстанның аясынан тыс жерлерге де жетті. Алыстағы Моңғолияда тұратын қандас бауырымыз да «Ұлытауым – Ұлы Дала киесі» мүшәйрасына қатысуға өтініш білдіріп, ұйымдастыру комитетіне өлеңдерін жолдады. Ұйымдастыру комитетінің ұйғарымымен моңғолиялық азаматтың өлеңдері де мүшәйраға қатыстырылатын болып шешілді.
Сонымен, ұйымдастыру тарапына 69 автордың өлеңдері келіп түсті. Бұл өлеңдердің ішінде мүшәйра ережесінде көрсетілген талаптарға сай келмейтін шығармалар да кездесті. Кейбіреулерінің көркемдік дәрежесі сын көтермеді. Қазылар алқасы 69 автордан түскен өлеңдердің әрқайсысын мұқият сараптай келе жыр жарысының женімпаздарын анықтады.
Бас бәйгені Кенжебай Ахметов (Жезқазған қаласы) иеленді. І орынды Ғазиз Ештанаев (Жезқазған қаласы) қанжығасына байлады. ІІ орынға Дәулеткерей Кәпұлы (Нұр-Сұлтан қаласы) ие болды. ІІІ орынды Болат Асанов (Жаңаарқа ауданы) еншіледі.
Арнайы жүлделер де өз иесін тапты. «Сандыбай батыр» атындағы жүлдені Қуанбай Әскерхан иеленді. «Кәдір би» атындағы жүлдеге Салтанат Смағұлтегі (Қарағанды қаласы) ие болды. «Шегір би» атындағы жүлде Біржан Ахмерге (Нұр-Сұлтан қаласы) бұйырды. «Бабыр би» атындағы жүлде Айзада Рахымжановаға (Қарағанды қаласы) табысталды. «Ерден сұлтан» атындағы жүлде Иманғазы Нұрахметұлына (Нұр-Сұлтан қаласы) берілді.
Ынталандыру сыйлықтарына Нұрмұханбет Дияров (Ақтөбе қаласы), Мирас Асан (Нұр-Сұлтан қаласы), Олжас Қасымов (Семей қаласы) ие болды. «Қазақмыс» корпорациясы кәсіподағының арнайы сыйлығы Сұраған Рахметұлына (Моңғолия) тағайындалды.
«Қазақмыс» корпорациясы «Жастар болашақ» қоғамдық бірлестігі тағайындаған арнайы сыйлықты Мұқағали Сейтқазы (Жезқазған қаласы), Абай Ораз (Сәтбаев қаласы), Жәнібек Әлиманов (Қарағанды қаласы) иеленді.
Сара СМАҒҰЛ,
«Ұлытау және Ұлт» журналының бас редакторы,
қазылар алқасының мүшесі.
СУРЕТТЕ: Бас жүлде иегері Кенжебай АХМЕТОВ.