#Biz birgemiz!Коронавирус

Ауылдың ақ пейілі

Ауданымыздың мәдениет қызметкерлері өз қаражаттарына алған 130 литр қымыз бен қолдан тігілген 130 дана бетпердені облыстық №1 көпбейінді аурухана ұжымына табыстады.

28 шілде – 15 тамыз аралығында мәдениет қызметкерлері арасында «Мейірімді болайық» акциясы өтетіндігі жөнінде Жанұзақ Макишев бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде хабарлаған болатын. Аталмыш акция мәресіне жетті. Аз уақыт ішінде өнерпаздар қауымы 100 мың теңге қаражат жинап, ауданға қарасты Төрткөл ауылынан 130 литр қымыз сатып алды. Елімізде карантин жарияланған күннен бастап үй жағдайында қызмет атқарып отырған мәдениет бөлімінің қызметкерлері өз қаражаттарына көпреттік бетперделер тігіп, тегін таратуды бастаған болатын. Әр мерекемізді ән-жыр, би-күйімен әсемдейтін өнер майталмандарының қолынан шыққан бетперделер Қарағандыдағы №1 көпбейінді ауруханаға да жетті.

26 тамыз күні ауданымыздан қалаға қымызы мен ән-шашуын арқалап жеткен мәдениет қызметкерлері №1 көпбейінді аурухана алдында ақ халатты абзал жандардың көңілін көтерді.

– Ел басына күн туғанда майданның алғы шебінде жүріп, жан алысып, жан беріскен өз ісінің хас шеберлері ретінде сіздерге үлкен алғыс айта келдік. Бұқар жырау ауданының мәдениет және өнер қызметкерлері арасында ұйымдастырылған акция аясында қаражат жинап, қымыз сатып алынды. Әуелі – Алла, екінші өздеріңіз болып жүргізіп жатқан күресте қазақтың бал қымызы сіздерге күш-қуат берсін, – деді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдар Оспанов.

Қалаға ауылдың ақ пейілін, ауылдағы ағайынның аңқылдаған ақ көңілін әкелген өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, ақ халатты абзал жандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Аудан өнерпаздары – Қазбек Талашев, Азамат Амантайұлы, Нүркен Мұратұлы, Жанасыл Жомарт, Мадина Шарманова өз өнерлерін ортаға салып, шағын концерттік бағдарлама ұсынды. Медицина қызметкерлері мен аурухана емделушілері әуезді ән тыңдап, би биледі.

– Еліміз ауыр кезеңді басынан өткеріп жатыр. Өткен ауыртпалықтарды аурухана ұжымы жеңе білді. Қазіргі таңда жұмысымыз сәл болса да жеңілдеді. Сіздердің бізге ыстық ықыластарыңызды көрсетіп жатқандарыңызға қуаныштымыз және шын жүректен алғыс білдіреміз, – деді №1 көпбейінді аурухана директорының орынбасары Дмитрий Матюшко.

«Үйірілген қышқыл, тәтті сары қымыз, Ауруға – ем, сауға – қуат, дәрі қымыз» дейді жыр алыбы Жамбыл. Халқымыздың ұлттық тағамдарының ішінде ең құрметтісі – қымыз дертке шипа, денеге күш сыйлайды. Бүйрек пен бауырды, қан тамырларын тазалайды. Ғалымдар адамның физикалық жағдайын жақсартып, тәбетін ашатын қымыз құрамында 28 түрлі микроэлемент, көптеген дәрумен барын айтады. Ел аузында «Қымыз – қырық ауруға ем» деген сөз кейінгі кезде жиі айтылып жүр. Дәрігер мамандар да иммунитетті көтеруде жылқының сүті мен етінен асқан дәрумен жоғын айтып, кеңес беруде. Бұқаржыраулықтардың ақ пейілімен жеткен сары бал қымыз аты да, заты да жаман індетпен күрес жолында алдыңғы шепте жүрген дәрігерлеріміздің бойына күш-қуат берсін дейміз.

Әдемі, әуенді кездесу соңында ақ халатты абзал жанды дәрігерлерге зор денсаулық, ұзақ та баянды ғұмыр тілеген аудандық мәдениет және клуб қызметкерлері ауданымызда өтетін әр игі бастаманың шашбауын көтеріп, қалыс қалмайтын Айтбай Жұмағұловқа, қымызды арзан бағаға ұсынған Төрткөл ауылының тұрғындары – Жасұлан Жұмекенов пен Қызғалдақ Атабаеваға алғыс білдірді.

130 литрден бөлек қолда қалған 8 литр қымыз Қушоқы кентінде ауыр індеттен аман-есен жазылып шыққан әжеге табысталды.

«Бетеге кетсе, бел қалар, Берекең кетсе, нең қалар?» дейді дана халқымыз. Дәл қазіргі сәт – бірлігіміз бен берекемізді көрсететін уақыт. Елімізде жарияланған карантин басынан бастап, «халықтың үрейін ұшырмай, үмітін жағайық» деп жүрген өнер қызметкерлері бұл жолы да өздерін адами келбетін, адамгершілік қасиетін көрсете білді.

Б.ЖАКЕШОВА.

Суретті түсірген Ж.МАКИШЕВ.

БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button