Облыс әкіміРесми

Қарағанды қарқынынан  жаңылмайды

Қоғамдағы бүгінгі күрделі ахуал бүтін ғаламшарды өзгеше ойлап, бөлекше қадам жасауға мәжбүрледі. Дүние жүзіндегі барша мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына соққы болған індет болашаққа жоба-жоспарларды анықтап алу қажеттігін көрсетті. Қапияда сан соқтырып, тосыннан туындаған қиындықтардың күрмеуін шешіп, келешектің көкжиегіне батыл көз тігу үшін еліміз де белін бекем буған кез. Ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» аталған Қазақстан халқына арнаған  Жолдауы бұған – дәлел. Мемлекет басшысы ертеңге күш-жігерді біріктіріп,  уақыт талап еткен реформаларға тың серпін беретін кезең екенін нақтылап, іс-қимыл жоспарын ұсынды. Жолдау жүктеген міндеттер мен талабы күшті тапсырмаларды іске асыруда Қарағанды аймағы жоспар дайындап, бағдарын нақтылап алды. Кеше  облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК өткізген селекторлық актив отырысында сол бағдар мәлімделді.

Қарағанды аймағының әлеуетін таразыға тартып, атқарылар істерді салмақтаған алқалы жиында Жолдаудағы 11 міндет жеке-дара таразыланды. Аймақтың бүгінгі тынысы мен мүмкіндіктері талқыланды.

-Баршаңызға белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі»  аталған Жолдауын жариялады. Әлемдегі індет экономиканың барлық саласына ықпал етті. Бұл тек біздің елде ғана емес, дүниежүзі елдерінің экономикасына кері әсерін тигізді. Алайда, дер кезінде қабылданған шаралар мен нақты шешімдердің арқасында аса қатерлі кедергілерді еңсере алдық. Ендігі мақсат – әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету. Жолдауда бұл орайда маңызды міндеттер белгіленген. Жолдаудағы негізгі 11 бағыт бойынша облыстық жоспар дайындалды, – деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.

Жолдауда мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісінен бастап,  экономиканы әртараптандыру, азаматтардың әлеуметтік тұрмысы, сапалы білім беру, денсаулық сақтау, әділетті ортаны қалыптастыру, экологияны сақтау, ұлттың жаңа болмысын құру сынды ілкімді істер  пысықталған. Оны тарихи құжат ретінде атап өткен аймақ басшысы облыстың әр саласындағы көрсеткіштерді безбендеді. Құзырлы орын басшылары Жолдауды іске асыру үшін қандай қадамдар жасалуы тиістігін жиналғандар назарына ұсынды. Қазіргі таңда қол жеткізген жетістіктер де жария етілді. Мүмкіндіктер мен меже сарапқа салынды.

Жалпы, қатысушылар Президент  Жолдауындағы әлеуметтік саланы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелердің орындаларына бек сенімді. Ол үшін Қарағандының қуаты да, қарқыны да жетерлік. Пікірлескен қоғам белсенділері Жолдаудың ел болашағы үшін  мәні зор екенін  ерекше атап отыр.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button