Қоңырат жылу жүйесіне қосылады
Балқашта жылу желілерін тарту жұмыстары қарқынмен жүрігізілуде. Яғни, «Қоңырат» шағын ауданы орталық жылу жүйесімен қамтылады. Магистраль ұзындығы – 17 шақырым. Бүгінде жұмыстың 30%-ы еңсерілді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Балқаш сапарына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жылу желілері мен басқа да бірқатар нысандар құрылысына назар аударды. Аталған жобалар «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
– Биыл жаңа жылу магистралін салу туралы шешім қабылданды. Бұл – «Жұмыспен қамтудың жол картасын» іске асырудың айқын мысалдарының бірі. Бағдарлама бойынша 123 жұмыс орны құрылды. Жартысы – жұмыспен қамту орталығы арқылы тартылды. Қаржымен проблема жоқ, енді бізге сапа керек, – деді Жеңіс Қасымбек мердігерге.
Жоспар бойынша жылу желісінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Тұрғын үйлерді желіге қосу жұмыстары келесі жылы басталады. Қазір Қоңыраттағы қолданыстағы орталық қазандық 100 пайыз дайын деуге болады. Барлық қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жылу желілерінен бөлек, жеке инвестицияға қаладағы қараусыз қалған жатақхана қалпына келтірілуде. Ғимарат 90-шы жылдардан бері бос тұр. Жуырда мұнда баспана кезегінде тұрған 30 көпбалалы отбасы қоныстанады.
Орталық саябақ та жөнделіп жатыр. Тозып кеткен саябақ жақында тұрғындардың демалуына ыңғайлы орындардың біріне айналмақ. Баскетбол, футбол және воркаут алаңдары орнатылады. Саябақ шағын сәулет мүсіндерімен безендіріледі.
Облыс әкімі «Шаңырақ» әйелдерге арналған дағдарыс орталығына да барды. Орталықты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Коунрад» корпоративтік қоры ашқан. Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер орналастырылады. Әйелдер заңгерлердің, психологтардың, медицина және әлеуметтік қызметкерлердің көмегін ала алады.
– Орталық миссиясы – қиын өмірлік жағдайға душар болған әйелдердің, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың өмір сапасын арттыру, әйелдердің экономикалық дербестігі мен қиын жағдайдан шығуына сеп болатын жеке бастамасын нығайту. Кәсіби дағдылар алуға көмек көрсетіледі. Мысалы, қаладағы ателье, шаштараз және кулинария сияқты ұйымдардың шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Мұның барлығы жұмыс істемейтін әйелдердің өз бетімен табыс табуына жағдай жасау үшін қолға алынуда, – деді «Сары Қазына» ЖШС директоры Павел Семенченко.
– Маңызды істермен айналысып отырсыздар. Өкінішке қарай, облыста тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты проблема бар. Барлық қалалар әкімдері әлеуметтік бағдарламаларға осындай ұйымның жұмыс істеуіне қаржы бөлуі қажет, – деді Жеңіс Қасымбек.
Өз тілшімізден.