Жаңалықтар

«Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасының жүзеге асырылуы

2019 жылдың тамыз айынан бастап облыста «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы»  жобасы жүзеге асырылуда. Аталмыш жоба ақпаратқа қолжетімділікті оңтайландыру, азаматтардың мемлекеттік билікке деген сенімдерін арттыру және билік пен азаматтық қоғам арасындағы байланыстың тікелей арнасын құру мақсатында құрылды.

Картада нақты уақыт режимінде облыстағы әлеуметтік нысандарды салуға, жөндеуге және күтіп-ұстауға бөлінген бюджеттік қаражат туралы толық ақпарат, жеткізушілер туралы ақпарат, бөлінген сомалар, құрылыс мерзімдері, кепілдік міндеттемелер және басқа да ақпараттар көрсетіледі. Республиканың кез-келген азаматы картаның көмегімен облыстағы әлеуметтік нысандарға қанша қаражат бөлінгенін біле алады, сонымен қатар бюджеттік шығындарды бақылайды. Сомалар бойынша келіспеушіліктер немесе сәйкессіздіктер болған жағдайда, азамат белгілі бір бағыттарға қаражат бөлу туралы өз бастамаларын жасауға құқылы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша кеңесте аталмыш ақпараттық жүйенің тиімділігін жоғары атап өтті: «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы 7 триллион теңгеден астам бюджет қаражатының жұмсалуы бойынша ақпараттың қол жетімділігін қамтамасыз етті».

2020 жылдың қорытындысы бойынша картада 419,1 млрд тг. астам соманы құрайтын 2705 ұйымның бюджеті көрсетілген. Облыстың қалалары мен аудандары бюджеттерінің нақтылауға байланысты бюджет сомасының өзгеруі мүмкіндігін ескерген жөн.

Ұйымдардың бюджеті бойынша ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі ата-аналардан түрлі қажеттіліктерге ақша жинауға жол бермеуге мүмкіндік береді. 

Мысалға алатын болсақ, Саран қаласының №1 мектеп-лицейінің жөндеу жұмыстарына 2020 жылы жалпы сомасы 4,782 млн.тг. жұмсау қарастырылған.

Департамент және «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі Интерактивті картаны әйгілендіру жұмыстарын жалғастыруда, сондай-ақ, бюджет бойынша ақпараттың дер кезінде орналастырылуын жіті қадағалауда.

Енді облыстың барлық мектептері ғимаратының алдында, Саран қаласының №1 мектеп-лицейімен қоса Департаментпен жобалық кеңсе бірлесеп әзірлеген арнайы тақтайшалар орнатылады. Онда ақпараттық жүйеде білім беру ұйымдарының парақшаларының сілтемесі көрсетілген арнайы QR-код орналастырылған, сол арқылы әрбір ата-ана ұйымның бюджеті, жөндеу және күтіп-ұстау шығындары бойынша ақпаратқа қол жеткізе алады.  

Атқарылған жұмыстар мен бөлінген қаражат арасында сәйкессіздіктер туындаған жағдайда азаматтар, аталмыш тақтайшаларда көрсетілген 1424 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет колл-орталығына хабарлай алады.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің

Қарағанды облысы бойынша департаменті.

Басқа материалдар

Back to top button