Ресми

«Құрыштан туған ұрпақ»

Қазақстан Магниткасы, Теміртау – Елбасымен егіз ұғым екені мәлім. Қазақстан магниткасының туған күні – 1960 жылдың 3 шілдесі ел тарихында алтын әріптермен жазылды дейтін зерттеушілердің уәжінде зор мән бар. Шынтуайтында, бұл күн – Қазақстан экономикасындағы алып өндірістің тұсауы кесіліп қана қойған күн емес. Тұңғыш шойын алушылар қатарындағы болашақ ел Президентінің де металлургтен Көшбасшыға дейінгі шыңдалуы басталған күн еді…

Қазақ металлургия зауыты – Қазақстан қара металының тұңғышы, Қарағанды металлургия комбинатының негізін қалаушысы болса, Нұрсұлтан Әбішұлы да қазақтың тәуелсіздігі бастауындағы Тұңғыш Президенті. Азаттық жылнамасын Тұңғыш Президенттен бөліп-жарып қарау мүмкін емес. Ал, Ұлт көшбасшысының өмір жолы Теміртаудың тарихымен бірге өріліп жатыр. Теміртаудың тарихы – Елбасының ғұмырының ширегін иемденеді.

Қазақ металлургиясының өркен жайып, шойын мен болаттан бұлақ ағызған үзеңгілестері Елбасы туралы сұрасаңыз, тамсанып айтудан әсте жалыққан емес. 20 жастағы горновой Сұлтанның ел Президентіне дейінгі ғұмыр жолына куә. Олар өздеріне етене жақын қарапайым металлургтің – Ұлт көшбасшысына айналса да, еш өзгермегеніне тәнті. Баяғы ақ жарқын, елдің қамын жеген, шыншыл, турашыл, еңбекқор Нұрсұлтан деседі. Қарағанды аймағына сапары түссе, жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, Теміртаудағы досжарандарын көріп, жүздеспей кеткен емес. Серіктестері Теміртаудағы тағдырларының Елбасымен бірге өткенін ерекше атайды. Бұған дейін олардың естеліктері баспасөз бетіне дүркін-дүркін жарияланды да. Соның бір парасы…

«…Әр уақыттың адам мінезіне, күш-қайратына, қала берді қоғамдағы белсенділігіне әсер етер бір ерекшелігі болатын шығар деп ойлаймын. Біздің жалын атқан жиырмадағы кезіміз сондай сәтке, соның өзінде мақтанышпен атайтынымыздай Қазақстан Магниткасының жұлдызы жарқыраған, мәртебесі биіктеген шаққа тап келуін айтсаңызшы. Отандық қара металлургияның алыбы пайда болуын паш етуімен ғана емес, халқымыздың қаншама ұландарын қанаттандырды десеңізші. Бәріміз Теміртау мектебінің тағылымынан Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге өтіп, өскенімізді зор мақтаныш санаймыз», – дей­ді Елбасының кешегі еңбектес серіктесі Қабидолла Сәрекенов аға «Е.Қ.2015 ж.».

«Біздер сол уақыттарда қорытқан шойындарымызды есептеп көрмесек те, жүз мыңдаған тоннаға жеткендігіне дау жоқ. Ол өз әріптестерінен шеберлігі көш ілгерілігімен, кәсібінің қыр-сырына зеректігімен, ісіне сенімділігімен, қашанда қайратты жігерімен бәрімізді баурайтын. Бірінші шойын алыну оқиғасына қатысуға келген академик Қаныш Сәтбаевтың ортамыздан Нұрсұлтан Әбішұлының қимылына назары ауып, сөзге тартқаны есімде. Әрине, жайдан-жай емес екен. Ұлы адамның кісі танығыштығына кейіннен көзіміз жетті ғой. Бақытыма бұйыртқаны шығар, Назарбаевпен еңбек арқылы жақын араласып, сыйлас болып кеткенімді мәртебе тұтамын», – депті КСРО-ның құрметті металлургі, «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері Владимир Колбаса басылымдарға берген сұхбатында.

Елбасы да ұдайы Теміртауды еске алады. Жауыртаудың өзін шыңдап шығарғанын, жастығының, ар-намысының қаласы болғанын әрдайым айтып келеді.

– Теміртау – менің туған бесігім, Магнитка – менің шыңдалып шыққан жерім, өзім үшін, отбасым үшін өте ыстық орын. Біздің жастығымыздың қаласы, ар-намысымыздың қаласы. Біздің замандастарымызды «Құрыштан туған ұрпақ» деуге толық болады. Жастарға металлург болыңдар дегім келеді. Біздің ұрпақтан үлгі алсаңдар, кем болмайсыңдар. Бұл – ерлердің мамандығы, – деген еді Елбасы.

Иә, 1000 градус ыстықта шойын шайнап, болат бүрку – құрыштан туған ұрпақтың ғана қолынан келетін ерлік екеніне ешкімнің шүбәсі жоқ…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button