ПоэзияРуханият

Ақбет – Ару

Бәз қалпында Баянтау бұрынғыдай,

Құсқа салсаң, бұ жақта, шығын құмай.

Ақбеттауда асқақтық бар деседі,

Нәзіктік те бар шығар бұрымдыдай.

Жақындамай сүйсінер жат шетінен,

Ақбет-Ару – мүсіні нақ бекіген.

Ара-тұра жарысып жел өбеді,

Ешкім сүйіп көрмеген ақ бетінен.

Бойшаңдығын Баянның байқады аспан,

Тау-Аруға Күн менен Ай таласқан.

Сұлулықтың алдында алма-кезек,

Тәулік бойы тағдырлар тайталасқан.

Тылсым аспан теңеген тауды аруға,

Күш жетпеді көңілін аударуға.

Болар еді Айға да қызығуға,

Болар еді Күнге де алдануға.

Мың бір тылсым бар екен шың-қатпарда,

Жұмбақ бұлақ Ақбетте, жұмбақ тал да.

Үн қатқанда құстары Күн шығады,

Тұншығады табиғат Күн батқанда.

Бүркенеді Ақбеттау таңға налып,

Сол бір түннен құпия қалғаны анық.

Күн батқанда күнәға батқан шығар,

Ақбеттаудың етегін қанға малып.

Күннің нұры шыңдарын өбіп көктен,

Түн баласы қырларын көрікті еткен.

Ал, Кемпіртас – Ақбеттің әжесі еді,

Қыз күндерін сағынып шөгіп кеткен.

Кемсеңдемес Кемпіртас уайымынан,

Жаласы көп Ақбеттің қайыңынан.

Таудай бақ бар сыйлаған таң нұрынан,

Таудай мұң бар жимаған айылынан.

Жақсыаула, Жаманаула – құрбылары,

Тау-ғұмырдың тағдырын жыр қылады.

Тас боп қатқан сондағы пәк көңілі,

Жас боп аққан сондағы бір бұлағы.

Ақбеттау – Ақбет-Ару…

Жоламан ӘЙТКЕН.

Басқа материалдар

Back to top button