Арнада – Абай әлемі
Адамзат пен Алашқа керектің бәрі Абай мұрасында тұр. Қазақ көшін һәкім өнегесі мен ғибраты көрсеткен жолға бұрса, терезесі теңеліп, керегесі кеңейіп өркениет өріне тартатыны күмәнсіз. Ол үшін абайтану ілімі әдебиет айналасындағылар ғана ұғып-білерлік емес, жалпы бұқаралық сипат алуы керек. Биыл ақынның 175 жылдық мерейтойында елдегі мына жағдайға қарамастан, Абай арнасының ашылғаны – сондай игі қадамдардың бірі дер едік.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы кешелі бері таныстырылымын жасаған «Abai tv» арнасы еліміздегі мәдени-рухани бағыттағы тұңғыш телеарна болса керек-ті. Бүгінге дейін Ұлттық арна бастаған бірқатар телеарналармен қатар тек қана спортты, дінді насихаттайтын салалық арналар ашылғалы қайда? Бірыңғай мәдениет пен рухты ту еткен мұндай арнаның ашылар уақыты баяғыда болған. Бір білгіштің «мемлекеттің мәдени-рухани саласына қанша ақша құйылса, денсаулық сақтау саласы да сонша қаражатпен толықты деген сөз. Мәдениетке көбірек мән берсең, халықтың денсаулығы мен экономикасы да соншалықты көтеріледі. Аз құйсаң, соғұрлым төмендейді» деген сыңайдағы лепесін естіп едім. Жаны бар тәрізді сөзінің. Өзін дұрыс сезініп, өндіріп жұмыс істеуі үшін халықтың көңілі көтеріңкі, жаны тыныш, денсаулығы бекем болуы керек. Көңілі пәс, жан тыныштығын таппаған жанның берекесі қашпай ма? Денсаулығы да болмайды. Осының бәрін реттейтін – әуелі руханият пен өнер. Мәдениеттің айнасы. Оның үстіне бұл Абай телеарнасы болса! Хакім мұраларын көбірек насихаттап, соған баса мән берген сайын Абайдың мол мұрасы өзі айтпақшы, «біреуден біреу алып елге тарап», ұлттың ой-өрісі мен өресі еселеп өседі деген үміт. Және бұл үміт күннен күнге арналанып келеді. Басы осы дүние болмақшы, әрине. Жалғасын тауып, дұрыс жолға қойылып кетеді деп сенеміз.
Тұсауы кесілген телеарна хақында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев: «Бүгін тұсауы кесілген жаңа телеарна мәдени-ағартушылық салаға үлес қосуды, ұлт қазынасын толтыруды көздейді. Жаңа арнаның «Абай» деп аталуы тегін емес. Біріншіден, мәдени ағарту бағытындағы жалғыз телеарнаға ұлт руханиятының темірқазығы Абайдың атын беру – өте орынды іс. Өйткені, ұлы ақынның өнегелі жолы әлі талай ғасырға жалғасатын болады. Екіншіден жаңа телеарна төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттауды мақсат етіп отыр. Бұл туралы ұлы ойшылдың «пайда ойлама, ар ойла», «талап қыл артық білуге», «әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң – арқалан» деген өсиеттерін есте ұстауымыз керек. Сондай-ақ, ол өнер мен кәсіп үйренуді байлықтың кілтіне, ұлттың қуатына балаған. Ұлы ақын тағы бір сөзінде «адам баласын заман өсіреді» дейді. Біздің жаңа телеарнамыздың жұмысы да осы қазіргі дәуірдің жұмысына бейімделеді. Зиялы қауымның басты борышы – қоғамға, әсіресе жастар бойына тәрбие, ізгілік, отансүйгіштікті дарыту. Жаңа телеарна осы жолда сіздерге ұтымды құрал, ашық пікір алаңы болады деп ойлаймын. Осы тұрғыда «Абай» телеарнасының ашылуы ұлы кемеңгердің мерейтойы аясындағы шоқтығы биік шара деуге болады» – депті.
Мұнымен қоса, Абай арнасының ашылуында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова сөз сөйлеп, руханият өкілдерін осында шоғырлануға шақырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған телеарна Абай мұрасымен қатар, ұлтымыздың және әлемдік өнер мен мәдениеттің жауһарларынан сыр шертпек. Әзірге «Абай жолын» бірге оқиық», «Сара сөз» бағдарламалары жарыққа шықты. Қазақ қаламгерлерінің драмалық шығармаларын талдауға арналған «Үркер», жастардың «жыр майданы», қазақ музыкасының мәдениеті мен тарихы жайында «Музыка великой степи», спектакльдер мен балет қойылымдарына арналған «Премьеры» бағдарламасы көрерменге жол тартты.
Бағдарлама атауларынан байқап отырғандарыңыздай, телеарна қазақ және орыс тілдерінде тәулігіне 17 сағат (07:00-ден 00:00-ге дейін) хабар таратады. «Otau tv» ұлттық спутниктік операторы, «Alma tv», «ID TV» кабельдік желілері арқылы таралады. Сондай-ақ, www.abaitv.kz ресми сайты арқылы онлайн көруге болады.
Жәнібек ӘЛИМАН.